Астана мен Алматыда түн ортасына дейін жұмыс істейтін ұлттық кітапханаларға келушілер көбейді

    13 қарашадан бастап Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Жаңа кесте азаматтарға жұмыстан немесе оқудан кейін кітапханаға келіп, кітап қорын пайдалануға, кешкі уақытта оқу залдарында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

    Жұмыс уақыты ұзартылған алғашқы күндерден-ақ кітапханаға келушілер саны арта бастады.

    Мәселен, Алматыдағы Ұлттық кітапханада жаңа кесте енгізілген алғашқы бес күнде кешкі сағат 20:00-ден кейін келушілер саны 45-тен 600 адамға дейін өсті. Ал Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға осы уақытта келгендер саны кей күндері 480 адамнан асты.

    Оқырман санының артуы жаңа жұмыс кестесіне сұраныс бар екенін көрсетеді. Әсіресе, кешкі уақытта кітапхана қызметін пайдалану студенттерге, жұмыс істейтін азаматтарға, магистранттар мен зерттеушілерге қолайлы.

    Сонымен қатар кітапхана қызметкерлерінің еңбек құқықтарын сақтауға ерекше назар аударылады. Кешкі жұмыс ауысым кестесіне сай ұйымдастырылып, қызметкерлердің белгіленген тынығу уақыты сақталады. Ауысым аяқталған соң олардың үйіне қауіпсіз жетуі үшін көлік қарастырылған.

    Ұлттық кітапханалардың жұмыс уақытын ұзартудағы мақсат – кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, кітап оқуға, білім алуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайлы жағдай жасау.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары