Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Сапар барысында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен, әлеуметтік нысандар мен жаңа өндірістердің қызметімен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті.
Пресноредуть ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Нысанды жаңартуға 280 млн теңгеден астам қаражат бағытталған. Енді мұнда тұрғындардың мәдени іс-шараларға қатысып, бос уақытын тиімді өткізуіне, ал жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне жағдай жасалған.
Ауылдық жерлерді дамытуда білікті мамандарды тарту да маңызды. Бұл бағытта «Турнова В.П.» шаруа қожалығы өз үлесін қосып отыр. Шаруашылық мамандар үшін өз қаражаты есебінен тұрғын үй салған. Мұндай бастамалар жас отбасылардың ауылға келіп, тұрақтап қалуына және ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.
Преснов ауылдық округінде сүтті мал шаруашылығы дамып келеді. Мұнда құны 2,5 млрд теңгені құрайтын «Агротехника Жамбыл» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Жоба 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылған. Фермаға, оның ішінде Даниядан голштин тұқымды ірі қара әкелініп, заманауи сауу жабдықтары орнатылған. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылған.
Благовещенка ауылында «Екпін 2002» ЖШС жылына 1 000 тоннаға дейін ет өндіруге қауқарлы мал сою цехының құрылысын жүргізуде. Нысанды келесі жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар ауылда жаңа ветеринариялық пункт жұмысын бастады.
Ауданда кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Благовещенка ауылында кәсіпкер өз қаражаты есебінен 100 млн теңгеге мейрамхана-қонақүй кешенін салған. Ал Пресновка ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен полиграфиялық қызмет көрсету орталығы ашылды.
Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бірнеше ауылды байланыстыратын «Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл» облыстық маңызы бар автожолына орташа жөндеу жүргізілуде. Биыл ұзындығы 20 шақырым болатын учаскеде жұмыстар басталды. Жалпы үш кезең бойынша 98 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Жұмыс сапарының соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Көтерілген барлық сұрақ бақылауға алынды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








