ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі адам рөлі» атты халықаралық диалог өтті. Іс-шараға БАӘ, Қытай, Корея, Польша және Латвия елдерінің өкілдері, сондай-ақ отандық және халықаралық жетекші сарапшылары, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Іс-шараны ашқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан Халықтық Конституциядағы құндылықтар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңа экономикалық және технологиялық жағдайларға бейімдеу жөніндегі тапсырмаларының маңызын атап өтті.
Сонымен қатар ЖИ дәуірінде адами капиталды дамыту және жаңа басқарушылық мәдениетті қалыптастырудың өзектілігіне тоқталып, «Жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың құралдарын өзгертеді. Бірақ мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады», – деді Агенттік төрағасы.
Қазақстанда мемлекеттік басқаруды цифрландыру және HR-процестерді автоматтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ЭЫДҰ-ның OPSI алаңында инновациялық жоба деп танылған e-Qyzmet жүйесі 400-ден астам кадрлық процесті автоматтандырып, мемлекеттік қызметке іріктеу мерзімін 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартты. AI Qyzmet бағдарламасы аясында 64 мыңнан астам әкімшілік мемлекеттік қызметші жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша арнайы оқытудан өтті. Саяси мемлекеттік қызметшілердің цифрлық және ЖИ саласындағы басқарушылық құзыреттерін дамытуға бағытталған AI Governance бағдарламасы іске асырылуда. Мемлекеттік басқару академиясы жанынан ЖИ зертханасы құрылып, басқару процестерін зерттеу мен оңтайландыруға көмектесуде.
Диалог барысында қатысушылар мемлекеттік басқаруда ЖИ-ді жауапты пайдалану, халықаралық тәжірибе алмасу және адами капиталды дамыту мәселелерін талқылады.
Іс-шарада адамға бағдарланған, технологиялық тұрғыдан дамыған әрі жауапкершілігі жоғары мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудың маңызы зерделенді.
Халықаралық диалог аясында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай БАӘ-нің Мұхаммед бин Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің атқарушы президенті Али бин Себаа Аль Марримен екіжақты кездесу өткізіп, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, ЖИ енгізу және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелерін талқылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






