Британдық сарапшы Қазақстанның ЖИ-ді мемлекеттік басқару саласына енгізу тәжірибесімен танысты

    1 / 9

    Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Ұлыбританияның Results for Development коммерциялық емес ұйымы жанындағы технологиялар жөніндегі сарапшылар желісінің консультанты, жасанды интеллект және технологиялық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Мұхаммад Наваз Асламмен кездесу өтті. Кездесуге Агенттік төрағасының орынбасарлары Әлібек Ахмедьяр мен Ұлан Бекіш, сондай-ақ Агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

    Кездесу барысында мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні қолдану, кадрлық процестерді цифрландыру, сондай-ақ Ұлыбританияның технологиялық бастамаларды енгізу және мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін дамыту тәжірибесі талқыланды.

    Осы ретте Мемлекеттік қызмет туралы заңда сервистік тәсіл мен HR-процестерді цифрландырудың құқықтық негіздері бекітілгені атап өтілді. Сонымен қатар жасанды интеллект мемлекеттік қызметшінің жұмысын жеңілдететін көмекші құрал ретінде қолданылатыны, ал түпкілікті шешімді адам қабылдайтыны айтылды.

    Сондай-ақ Агенттік пен Академия өкілдері «e-Qyzmet» платформасының мүмкіндіктерін, жасанды интеллектіні қолдану арқылы мемлекеттік органдарға жүргізілетін функционалдық талдау тетіктерін және мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламаларын таныстырды.

    Өз кезегінде Мұхаммад Наваз Аслам мемлекеттік басқару саласында жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізудің халықаралық тәжірибесі мен тиімді тәсілдерімен бөлісті.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттік қызметті цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану этикасы және мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін дамыту бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі" жаңалықтары