ҚАЗАҚСТАНДА ҚАН АУРУЛАРЫНА ШАЛДЫҚҚАН ПАЦИЕНТТЕРДІ ЕМДЕУ МҮМКІНДІКТЕРІ КЕҢЕЙТІЛЕДІ

    Қазақстанда лейкозды қоса алғанда, қанның ауыр ауруларына шалдыққан пациенттер үшін қан түзуші дің жасушаларын трансплантаттау мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылып отыр. Ерекше жағдайларда медициналық көрсетілімдерге сәйкес келетін пациенттердің кәмелетке толмаған бауырлары мен әпке-сіңлілері донор бола алады.

    Тиісті түзету Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген.

    Қан түзуші дің жасушаларын трансплантаттау – қанның ауыр ауруларын емдеудің заманауи әдістерінің бірі. Бұл ретте пациентке ең қолайлы донорлар көбіне кәмелетке толмаған туған бауырлары мен әпке-сіңлілері болуы мүмкін.

    Ұсынылып отырған өзгерістер медициналық талаптарды қатаң сақтай отырып, кәмелетке толмаған донордың денсаулығын қорғау кепілдіктерін қамтамасыз ету арқылы осындай пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

    Міндетті шарт ретінде баланың екі заңды өкілінің жазбаша, нотариалды куәландырылған келісімі талап етіледі. Егер баланың бір ғана заңды өкілі болса, оның келісімі жеткілікті. Сонымен қатар медициналық араласу басталғанға дейін келісімді қайтарып алуға болады.

    «Трансплантаттау – қазіргі медицинаның ең күрделі әрі жауапты бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – заманауи емдеу әдістерін қауіпсіз қолдануға қажетті жағдайлар жасау», – деп атап өтті Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

    Ұсынылып отырған норма тек қан түзуші дің жасушаларын донорлыққа қатысты және кәмелетке толмаған балалардың ағза донорлығына қолданылмайтынын айта кеткен жөн.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары