ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ АЛҒАШ РЕТ АЙҚЫНДАЛАДЫ


    Қазақстанда шетелдік пациенттерді отандық клиникаларға тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жоспарлануда. Медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау саласына қосымша инвестиция тартуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және қазақстандық клиникалардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ел азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі басымдық болып қала береді.

    Тиісті түзетулер Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген.

    Заң жобасында алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдарын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады. Бұл бағытқа клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туристік және сақтандыру компаниялары қатыса алады.

    Медициналық ұйымдар шетелдік пациенттерге қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу жөніндегі арнайы бөлімшелер құра алады. Ал жергілікті атқарушы органдарға медициналық туризмді дамытуға жағдай жасау өкілеттігі беріледі.

    Сонымен қатар медициналық сапарларды ұйымдастыруға жауапкершілікті бекіту ұсынылып отыр. Бұл пациенттердің келісімшартта көзделген қызметтерді толық алуын қамтамасыз етуге бағытталған.

    «Бүгінде Қазақстанда заманауи деңгейде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін медициналық орталықтар, білікті мамандар мен технологиялар бар. Біздің міндетіміз – осы әлеуетті дамыту, отандық медицинаға деген сенімді нығайту және оның өсуіне қосымша мүмкіндіктер жасау. Бұл ретте қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сөзсіз басымдық болып қала береді», – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

    Шетелдік пациенттерді тарту клиникаларды жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және Қазақстан халқы үшін көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға қосымша серпін береді деп күтілуде.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары