Қазақстанда ауруханалар мен емханаларға бару кезінде қағазбастылықты азайтып, медицинада жасанды интеллектіні қолдануға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай депутаттарына денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда таныстыру барысында мәлімдеді.
Заң жобасында азаматтардың электрондық сервистер арқылы өз денсаулығы туралы ақпарат алу құқығын бекіту, сондай-ақ медициналық араласуға ақпараттандырылған келісімді цифрлық форматта рәсімдеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Сонымен қатар пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ескере отырып, медицинада жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін қағидалар енгізу көзделген.
Бұл ретте жасанды интеллект дәрігерлердің жұмысына көмекші құрал ретінде пайдаланылып, диагноз қою және ем тағайындау туралы шешім қабылдау құқығы медицина маманының өзінде қалады.
Заң жобасында медицина қызметкерлерінің цифрлық жүйелерге енгізілетін мәліметтердің дұрыстығына жауапкершілігін бекіту, медициналық дербес деректерді қорғауды күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіру ұсынылады.
Ұсынылып отырған өзгерістер цифрлық медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, қағазбастылықты азайтуға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және қазақстандықтар үшін медициналық көмек алу жағдайларын неғұрлым қолайлы етуге бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







