Сабақтан тыс қауіпсіздік сабағы: Павлодар жатақханаларында студенттер полиция қызметкерлерімен кездесті

    Студенттік шақ — жаңа таныстықтар, өз бетінше өмір сүру және жарқын оқиғалар кезеңі. Алайда ата-анадан жырақта өмір сүру тек тұрмыстық мәселелерді өз бетінше шешуді ғана емес, құқықтық сауаттылықты да талап етеді. Жастарға түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектесу мақсатында Павлодар қаласының полиция қызметкерлері қалалық студенттер жатақханаларына барып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
    Кездесулер ашық диалог форматында өтті. Құқық қорғау қызметкерлері студенттерге бір қарағанда елеусіз болып көрінетін құқық бұзушылықтың өзі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, ересек өмірдің алғашқы кезеңінде-ақ өмірбаянға кері әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.
    – Полиция қызметкерлері жастар арасында жиі кездесетін өзекті қауіптерге, атап айтқанда киберқауіпсіздік пен интернет-алаяқтыққа ерекше назар аударды. Студенттерге интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, «оңай ақша табуға» уәде беретін күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарау және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар ұжымдағы салауатты ахуалдың маңыздылығы атап өтілді. Өзара сыйластық пен даулы мәселелерді бейбіт жолмен шеше білу – бір шаңырақ астында тыныш әрі қауіпсіз өмір сүрудің басты шарттары, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.
    Студенттерге жатақхана ішінде де, кешкі уақытта қала көшелерінде де өзін-өзі ұстау ережелері еске салынды. Құқықтық мәселелермен қатар, кездесуге қатысушылар қауіпсіз өмір сүрудің негізгі талаптары мен жеке сақтық шараларын талқылады.
    Кездесу соңында студенттер полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құзыретті мамандардан нақты жауаптар мен түсіндірмелер алды.
    Полиция қызметкерлері жастарды жауапкершілік танытуға, өз қауіпсіздігіне мұқият болуға және заң талаптарын сақтау – олардың жарқын әрі қауіпсіз болашағының негізі екенін есте ұстауға шақырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары