Ертіс ауданының полицейлері тұрғынның 540 мың теңгесін қайтарып берді

    Полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында Ертіс ауданының тұрғыны интернет-алаяқтардың қолына түсе жаздаған 540 мың теңгесін қайтарып алды.
    Ертіс ауылының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісін қарап отырып, компьютерлер мен олардың қосалқы бөлшектерін тиімді бағамен ұсынған интернет-дүкеннің жарнамасына тап болады. Ұсынысқа қызығушылық танытқан азамат WhatsApp мессенджері арқылы сатушымен байланысады. Тауардың сипаттамасын, бағасын және жеткізу шарттарын талқылағаннан кейін ол көрсетілген банк картасына 540 мың теңге аударады.
    Алайда ақша аударылғаннан кейін сатушы хабарламалар мен қоңырауларға жауап беруді тоқтатады. Алаяқтардың арбауына түскенін түсінген азамат дереу ресми байланыс арнасы арқылы Ертіс ауданының полиция бөліміне жүгінеді.
    Полиция қызметкерлері азаматтың өтінішін назардан тыс қалдырмады. Жүргізілген жұмыстар мен қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде қаражат толық көлемде иесіне қайтарылды. Осылайша, тұрғын елеулі қаржылық шығынға ұшыраудан аман қалды.
    Алексей Николаев аға жедел уәкіл Әмір Сәдуақасовқа, аға тергеуші Арман Жүсіпбаевқа және тергеуші Алексей Штрауб ерекше алғыс білдіріп, олардың кәсібилігін, жауапкершілігін және азаматтарға деген жанашырлық танытқанын атап өтті.
    - Полиция қызметкерлеріне кәсібилігі, жедел әрекеті және бейжай
    қарамағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Олардың атқарған жұмысының арқасында ақшамды қайтарып алдым. Көрсеткен көмектеріңіз бен қызметтік міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін рақмет! – деді Алексей.
    Осындай жағдайлар әрбір азаматтың өтінішінің артында нақты мәселе тұрғанын және полицияның дер кезінде көрсеткен көмегі шешуші рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
    Полиция азаматтарды интернет арқылы сауда жасау кезінде сақ болуға шақырады. Бейтаныс сатушыларға ақша аударуға асықпаңыздар, интернет-дүкендердің сенімділігін мұқият тексеріңіздер және күмәнді төмен бағамен ұсынылған тауарларға алданып қалмаңыздар.
    Есіңізде болсын: қырағылық – интернет-алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы!

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары