Алматында жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, бақылау деңгейінен асып кеткені тіркеле қойған жоқ. 2026 жылдың 46-аптасында қалада ЖРВИ-мен ауырған 16 841 адам анықталған. Бұл алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 3,8%-ға аз да, былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 38,9%-ға төмен болып отыр. Сонымен қатар тұмау вирусы айналымға түскелі бері зертханалық жолмен 25 науқас расталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова осылай деді.
ЖРВИ-мен тіркелгендердің жартысынан астамы - 55,3% немесе 9 316 науқас балалардың арасынан анықталған. Мамандар білім беру ұйымдарындағы сырқаттанушылықты бақылауға ерекше назар аударып отыр. Есепті аптада қаланың 143 мектебінде ЖРВИ-мен ауырған 520 адам тіркеліпті. Сырқаттанушылықтың шекті деңгейден асқаны анықталған жоқ.
«Мектептер мен ұйымдасқан ұжымдарда инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында күн сайын таңертеңгі және ауысымдық сүзгі жүргізіледі. Бұл ЖРВИ мен тұмау белгісі бар балалар мен қызметкерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Ата-аналар да балаларының денсаулығына жауапты болып, ауру баланы мектепке, балабақша мен бұқаралық іс-шараларға жібермеуі керек. Барынша сақтанған дұрыс болады», – деп түсіндірді Гаухар Қаткенова.
Алматыда респираторлық вирустардың айналымына зертханалық бақылау жүргізіп жатыр. Эпидемиялық маусымның 43-аптасынан бастап A(H1N1) типті тұмаумен ауырған 22 және B типті тұмау жұқтырған үш адам расталды. Барлық пациентке ем тағайындалған, олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Мамандардың болжамы бойынша, 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының үш түрі – A(H1N1)pdm09, A(H3N2) және B типті Victoria желісінің бір мезгілде айналымда болуы мүмкін.
Эпидемиялық маусымға дайындық аясында Алматының барлық ауданында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспары әзірленіп, медицина қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өткізілді. Зертханалар тұмауды, басқа да респираторлық вирустық инфекциялар мен COVID-19-ды анықтауға қажетті тест-жүйелермен және реагенттермен қамтамасыз етілген.
«Медициналық ұйымдарда шақыртуды қабылдауға арналған телефон желілері бөлініп, пациенттерге үйде қызмет көрсету үшін автокөлік қарастырылған. Медициналық ұйымдардың кіреберісінде ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттерге арналған арнайы сүзгілер ұйымдастырылған. Бұл шаралар инфекцияның таралуына жол бермеуге және халыққа медициналық көмекті уақтылы көрсетуге бағытталған», – деді спикер.
Алдын алу жұмысның негізгі бағытының бірі – вакцинация. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Гриппол Плюс» үш валентті вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды. Вакцинация 1 қазанда басталды. 18 қарашадағы жағдай бойынша 250 183 адам немесе Алматылықтардың 10,3%-ы тұмауға қарсы екпе алды. Оның ішінде 248 780 адам тәуекел топтарына жатады.
Ең алдымен вакцинациямен медицина қызметкерлері, алты айдан асқан, жиі ауыратын балалар, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, егде жастағы адамдар, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзасының созылмалы аурулары бар пациенттер, сондай-ақ халықтың басқа да осал санаты қамтылады.
«Тұмау ең алдымен асқынғанда қауіпті. Ауру пневмонияға, бронхитке, жүрек-қантамыр мен жүйке жүйесі тарапынан асқынуға, сондай-ақ созылмалы аурулардың өршуіне алып келуі мүмкін. Әсіресе өмірінің алғашқы жылындағы балалар, егде жастағы адамдар мен денсаулығы әлсіреген азаматтар осал келеді. Вакцинация аурудың ауыр өту мен түрлі асқынудың даму қаупін едәуір төмендетуге сеп болады», – деді спикер.
Алматылықтар ақылы негізде тұмауға қарсы екпені жекеменшік медициналық орталықтарда, соның ішінде «Фармаком» вакцинация клиникасында, IMC және SOS Kazakhstan медициналық орталықтарында ала алады.
Санитариялық дәрігерлер сондай-ақ сырқаттанушылықтың маусымдық өсу кезеңінде қала тұрғындарына бұқаралық іс-шараларға баруды шектеуді, үй-жайларды үнемі желдетуді, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізуді, жеке гигиена қағидаларын сақтауды, науқас адамдармен байланыстан аулақ болуды және мұндай байланыстарды болдырмау мүмкін болмаған жағдайда бетперде тағуды ұсынады. Ауру белгілері пайда болған кезде үйде қалып, медициналық көмекке жүгініп, өзін-өзі емдеумен айналыспауы қажет.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








