1 / 2
Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасы маусымдық сырқаттану өсетін кезеңде инфекциялық қауіпсіздік шарасын күшейтіп, балаларды қабылдауға дайындықты арттырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында медициналық мекеменің директоры Ержан Сералин осылай деп мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау аурушаңдығының маусымдық өсуіне байланысты медициналық қызметтің кадрлық әлеуеті күшейтіліп, төсек-орын қоры ұлғайтылып, пациенттерді бағыттау жүйесі жетілдіріліп жатыр. Режимнің сақталуы мен балаларға көмектің уақтылы көрсетілуіне ерекше назар аударылып отыр.
«Балаларды медициналық сұрыптау қағидаты бойынша тәулік бойы қабылдайды. Ең алдымен жағдайы ауырлары тексеріледі», – дейді спикер.
Ол сондай-ақ бұған дейін әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған қабылдау бөліміндегі кезекке қатысты жағдайды түсіндірді. Аурухана басшысының айтуынша, кешкі және түнгі уақытта стационарларға түсетін жүктеме артады екен. Бұған емханаларға жүгінбей, тікелей ауруханаға келетін ата-аналардың өтініші де әсер етеді. Бұл ретте күту уақыты тек алғашқы медициналық тексеруге ғана емес, сонымен қатар диагностикалық зерттеулер жүргізу, талдау нәтижесін алу мен бейінді мамандардың консультациясынан өту қажеттілігіне де байланысты.
Дәрігердің алғашқы тексеруі орта есеппен 15–30 минутқа созылады. Баланы ауруханаға жатқызу туралы шешім тексеру нәтижесі мен медициналық көрсетілім негізінде жеке тәртіппен қабылданады. Стационарлық емдеуді қажет етпейтін балалар қажетті көмек пен ұсынымды алғаннан кейін тіркелген жері бойынша емханаға жіберіледі.
«Аурухана күту уақытын қысқарту мен әр балаға медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп түсіндірді спикер.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Алматыда қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының үш бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың қызметі қала аудандарын ескере отырып, пациенттер ағынын тең бөлуге мүмкіндік береді.
Аурухана мен оның бөлімшелерінің жалпы төсек-орын қоры 648 орынды құрайды. Сырқаттанудың маусымдық өсуіне байланысты қосымша 72 төсек-орын ашылып, жалпы сыйымдылығы 720 орынға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта стационарлардың төсек-орын жүктемесі шамамен 85%-ды құрайды. Сонымен қатар пациенттердің күнделікті шығарылуы ауруханаға жатқызуды қажет ететін балалар үшін орын босатуға мүмкіндік береді. ЖРВИ мен тұмауды емдеудің орташа ұзақтығы 4–5 күнді құрайды.
2026 жылғы 1 қазан мен 22 қараша аралығында аурухананың қабылдау бөлімдеріне 33 252 өтініш түскен. Оның ішінде 7 168 бала ауруханаға жатқызылған, бұл жүгінгендердің жалпы санының 21,6%-ын құрайды. Ал 26 084 балаға кейіннен ауруханаға жатқызусыз қажетті медициналық көмек көрсетілген.
Қазан мен қараша айында ауруханаға жатқызудың негізгі себептері ЖРВИ – 3 732 жағдай, энтеровирустық инфекция – 1 282 жағдай және пневмония – 1 066 жағдай болды. ЖРВИ мен пневмония барлық ауруханаға жатқандардың 66,9%-ын құрайды. Өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда балалар арасындағы инфекциялық сырқаттану құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, аурухана кадрлық қамтамасыз етуді күшейтуді, қосымша төсек-орындардың дайындығын сақтауды, пациенттерді бағыттау жүйесін және емханалармен ақпарат алмасуды жетілдіруді жалғастыруда. Сондай-ақ қабылдау бөлімдері мен клиникалық бөлімшелерде санитариялық-эпидемияға қарсы режимнің сақталуына және инфекциялық қауіпсіздікке бақылау күшейтілді.
Сөз соңында Ержан Сералин ата-аналарға ЖРВИ-дің алғашқы белгілері байқалған кезде тіркелген жері бойынша емханаға жүгінуге кеңес берді. Баланың жағдайы нашарлаған жағдайда шұғыл медициналық көмекке дереу жүгіну қажет. Спикердің мәліметінше, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауда ұстап отыр, аурухана жыл сайынғы маусымдық жүктеменің артуын ескере отырып жұмысын жалғастыра береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








