Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    1 / 2

    Қарағанды облысының шалғай ауылдарының тұрғындары үшін кардиолог, эндокринолог және басқа да бейінді мамандардың кеңесін алу жеңілдей түсті. Енді ол үшін Қарағандыға барудың қажеті жоқ: жергілікті ауруханаға немесе емханаға жүгінсе жеткілікті. Қазір телемедицина өңірдегі 118 ауылдық медициналық ұйымда жұмыс істейді. Жүйе іске қосылғалы бері дәрігерлер қашықтан 4 мыңнан астам кеңес берген.

    Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    Жоба жұмысының барысы облыс әкімдігінде өткен цифрландыру мәселелеріне арналған кеңесте айтылды.

    Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    Бұрын ауыл тұрғындары үшін облыс орталығындағы бейінді маманға қаралу ұзақ сапарға айналатын. Жол шығынын көтеріп, жұмыстан сұрануға, кейде қалада түнейтін орын іздеуге тура келетін. Әсіресе дәрігерлердің тұрақты бақылауын қажет ететін егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруы бар науқастарға қиындық тудыратын.

    Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    Енді облыстық деңгейдегі маманның кеңесін өз елді мекенінен шықпай-ақ қашықтан алуға болады. Ауылдық дәрігер облыстық немесе аудандық клиникалардағы әріптестерімен байланысып, пациент туралы мәліметтерді жолдайды, оның жағдайын талқылап, әрі қарай емдеу бойынша ұсынымдар алады.

    Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    Жоба аясында қарастырылған барлық ауылдық медициналық ұйым телемедицина жүйесіне қосылған. Мониторинг деректеріне сәйкес, осы уақытқа дейін қашықтан 4 312 консультация өткізілген.

    Мұндай көмекті ең көп алғандар – Бұқар жырау ауданының тұрғындары. Мұнда 1 664 кеңес берілген. Осакаров ауданында – 934, Шет ауданында – 568, Нұра ауданында – 514, Қарқаралы ауданында 419 консультация өткізілген.

    Жүйеге Қарағанды қаласындағы жетекші медициналық ұйымдар да қосылған. Қашықтан қабылдауды ең көп өткізген – облыстық клиникалық аурухананың мамандары. Олар 1 086 консультация берген. Сондай-ақ Облыстық кардиологиялық орталық дәрігерлері – 359, облыстық балалар ауруханасы – 310, Онкологиялық орталық №3 – 218 консультация өткізді. Статистикаға сүйенсек, ауыл тұрғындары арасында эндокринологтер мен кардиологтардың кеңесіне сұраныс жоғары. Сонымен қатар пациенттер онкологтарға, неврологтарға, травматологтарға және гастроэнтерологтарға да жүгінеді.

    Телемедицина қызметін негізінен ересектер мен егде жастағы адамдар пайдаланады. Әйелдер қашықтан медициналық көмекке ерлерге қарағанда шамамен екі есе жиі жүгінеді.

    Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев елді мекендердің арасы алшақ орналасқан өңір үшін телемедицинаның маңызы зор екенін атап өтті.

    – Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін облыс орталығына бару – тек уақыт жоғалту емес, сонымен қатар қосымша шығын. Телемедицина осы мәселелердің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді. Енді бейінді маманның кеңесін өз ауданынан шықпай-ақ алуға болады. Біздің міндетіміз – сапалы медициналық көмекті облыстың әрбір тұрғыны үшін қолжетімді ету, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

    Қарағанды облысындағы барлық ауылдық медициналық ұйымдарда телемедицина қолжетімді

    Сонымен қатар қашықтан берілетін консультациялар дәрігердің дәстүрлі қабылдауы мен медициналық тексерулерді алмастырмайды. Егер пациентті тікелей қарап-тексеру, қосымша талдау немесе емшара жүргізу қажет болса, олар медициналық ұйымда бетпе-бет өткізіледі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары