Үшарал қаласында 200 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды

    Үшарал қаласында 200 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды

    Алакөл ауданының Үшарал қаласында 200 төсек-орынға арналған орталық аудандық аурухананың құрылысы басталды.

    Жаңа медициналық нысан өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Заманауи талаптарға сай салынатын аурухана стационарлық емдеуді, диагностика мен оңалту қызметтерін бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Жобаның тапсырыс берушісі – «Жетісу облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Бас мердігер – «AK Construction Company» ЖШС.

    Құрылыс нысанының жалпы ауданы 18 569 шаршы метрді құрайды. Жобаға қаржы Инфрақұрылымды дамыту қорынан бөлінген.

    Аурухана кешені негізгі ғимараттан, инфекциялық корпустан және бірқатар қосалқы нысандардан тұрады. Негізгі корпуста қабылдау, хирургия, терапия, педиатрия, травматология, перзентхана, гинекология, реанимация және оңалту бөлімшелері орналасады. Сонымен қатар операциялық блок, орталық стерильдеу бөлімі мен зертхана қарастырылған.

    Инфекциялық корпус та жеке ғимарат ретінде салынады. Бұдан бөлек, кешен құрамына кір жуу орны, ас блогы, бес автокөлікке арналған гараж, оттегімен жабдықтау станциясы, қазандық және басқа да инженерлік нысандар кіреді.

    Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Нысанға 14 жұмысшы мен 9 арнайы техника жұмылдырылған.

    Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жаңа аурухана пайдалануға берілгеннен кейін Алакөл ауданы тұрғындары заманауи медициналық инфрақұрылым мен кеңейтілген стационарлық қызмет түрлеріне қол жеткізеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алакөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары