Алакөл ауданының Жайпақ ауылында «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті ашылды
Жетісу облысы Алакөл ауданының Жайпақ ауылында «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Жаңа нысан 1 124-тен астам тұрғыны бар елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Ашылу салтанатына Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Адамбек Оразалинов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Аханов, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар гарнизонының өкілдері мен жеке құрамы қатысты.
Жаңа өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен салынған. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан қызметті ұйымдастыру үшін өрт сөндіру автоцистернасы берілді. Сонымен қатар бөлімше қажетті байланыс құралдарымен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кезекшілікке арнайы даярлықтан өткен қызметкерлер кірісті.
Ғимаратта тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, өрт сөндіру техникасына арналған гараж, диспетчерлік бөлме, қызметтік кабинеттер, тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмесі мен асүй бар. Мұндай инфрақұрылым қызметкерлердің оқиға орнына жедел шығуына және кезекшілік арасында тынығуына мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы өрт сөндіру бекетінің құрылысына елеулі үлес қосқан азаматтарға ведомстволық наградалар табыстады. Салтанатты шара аясында бекет аумағына ағаш көшеттері де отырғызылды.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауыл тұрғындарына өрт сөндіру-құтқару қызметінің көмегін жақындатып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ өрт сөндіру жасақтарының оқиға орнына жету уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









