ЮНЕСКО-да Қазақстанның қолдауымен The Planet of Art 2026 халықаралық фестивалінің көрмесі ашылып, гала-концерті өтті

    1 / 14

    Париж, 2026 жылғы 10 қараша– ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен және ЮНЕСКО қамқоршылығымен өткен «The Planet of Art 2026» халықаралық жастар фестивалі аясында ұйымдастырылған «Әйелдердің жанды мұраны сақтаудағы рөлі» атты көркем сурет көрмесінің салтанатты ашылуы және «Бірлік симфониясы» гала-концерті өтті.

    Жиырма жылға жуық тарихында фестиваль әлемнің 95 мемлекетіндегі бес мыңнан астам ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарына біріккен оң сегіз жасқа дейінгі балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға арналған ірі халықаралық алаңға айналды. Ол клубтардың 198-і – біздің елде. Айта кетейік, 2023–2027 жылдары аралығында Қазақстан ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясына төрағалық етуде.

    2009 жылдан бері ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясы (ҚазФУКА) ұйымдастырып келе жатқан The Planet of Art фестивальдеріне әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мыңнан астам жас дарын қатысты. Биыл байқау жұмыстарын іріктеудің жеңімпаздары дәстүр бойынша қазан айында Алматыда өткен салтанатты іс-шараларда жиналды. Байқаудың бейнелеу өнері бағыты бойынша 54 елден шыққан жеңімпаздың туындылары Париждегі көрмеде таныстырылды, ал музыка бағытының үздіктері ЮНЕСКО-ның бас сахнасында өнер көрсетуге шақырылды.

    «Қазақстанда ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының жаһандық қозғалысын дамытуға еліміздің қосқан үлесін мақтан тұтады. Бұл қозғалыс жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту жолындағы халықаралық ынтымақтастықта маңызды рөл атқарады және мұны ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 2026 жылғы сәуірде қабылданған арнайы қарары да айғақтады», – деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.

    Өз кезегінде ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Наеф әл-Фаез ЮНЕСКО The Planet of Art 2026 фестивалін өз елдері мен қауымдастықтарының мәдени бірегейлігінің негізін құрайтын дәстүрлерді, қолөнерді, орындаушылық өнер түрлері, салт-жоралар мен әдет-ғұрыптарды сақтап, келер ұрпаққа жеткізудегі әйелдердің ерекше рөліне арнау бастамасын жоғары бағалайтынын жеткізді.

    «Мәдениеттердің әралуандылығын тек сақтайын ғана құбылыс емес. Оны терең сезіну, онымен бөлісу және оны ұдайы жаңаша түсіну қажет. Осы орайда мен ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Дүниежүзілік және Қазақстандық федерацияларын, Қазақстан үкіметі мен ұйымдарын, жобаға үлес қосқан барлық серіктестер, ұстаздар мен әртістерді шын жүрегімнен құттықтаймын», – деді ол осы орайда.

    Көрмеде танымал отандық заманауи суретшілер Бақыт Шөкетаев пен ЮНЕСКО клубтарының ізгі ниет елшісі Әйгерім Карибаеваның Қазақстан мен әлемнің басқа да елдерінің жанды мұрасына арналған туындылары ерекше орын алды. Дәстүрлі бейнелер мен нышандарды бүгінгі көзқараспен пайымдау арқылы авторлар әйелдердің ұжымдық жадты сақтаудағы және ұрпақтар сабақтастығындағы рөлін өзіндік стильмен ашып көрсетеді.

    Салтанатқа қатысушылар тақырыптық көрменің бір айдың ішінде Сямынь қаласында (Қытай) ашылатын ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-сессиясы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Сессия барысында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізімдеріне енгізуге ұсынылған жаңа номинациялар қаралады, олардың ішінде Қазақстан қатысатын үшеуі бар: «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте», «Дәстүрлі киіз басу» және «Салбұрын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі».

    Кеш жалғасында көпшілік көрермен «Бірлік симфониясы» гала-концертін тамашалады. Оның кешенді де мазмұнды бағдарламасына он елден келген 12 мен 18 жас аралығындағы жас орындаушылар үлес қосты және оларды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Студенттік симфониялық оркестрі мен А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің оқушылары, сондай-ақ Қазақстан клубтарының ізгі ниет елшісі, аккордеоншы Ғалымжан Нарымбетов және басқа да кәсіби музыканттар сүйемелдеді.

    Концерттің ашылуында қонақтарға ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясының Президенті Болат Ақшолақовтың бейне үндеуі көрсетілді. Ол байқау серіктестеріне шығармашыл жастардың ашылып дамуын көздейтін халықаралық бастамаларды жүйелі түрде қолдап келе жатқандары үшін алғыс білдірді.

    Кешке ЮНЕСКО Хатшылығы, дипломатиялық корпус өкілдері, бейнелеу өнері, классикалық және халық музыкасын сүйер қауым жиналды.

    Париждегі іс-шараларды ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясы мен ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және корпоративтік сектордағы серіктестердің – BI Group, TengizChevrOil, Total Energies компаниялары және Freedom Shapagat қорының қолдауымен ұйымдастырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Париж қаласындағы (Француз Республикасы) ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары