Бесқарағай ауданының №1 “Келешек мектебінде” білім алатын 9-сынып оқушысы Асылай Жұманбаева туған өлкесінің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарамастан, лимон мен мандарин өсіру мүмкіндігін зерттеп жүр. Жас зерттеуші қатаң континенттік климат жағдайында жылусүйгіш цитрус өсімдіктерін жерсіндірудің жолдарын іздестіруде.
«Citrus Climate» деп аталатын ғылыми жобаның басты мақсаты – цитрус көшеттерінің өсуі мен бейімделу үдерісін зерттеп, оларды жабық ортада жыл бойы өсіру мүмкіндігін тәжірибе жүзінде анықтау.
Бесқарағайдың қысы аязды болғандықтан, жас зерттеуші көшеттерді мектеп ішінде өсіруді қолға алған. Өсімдіктерге қажетті жағдай жасау үшін арнайы STEM шамдары пайдаланылып, олардың өсу динамикасы тұрақты бақылауға алынған.
«Біз жақта қыс өте суық. Сондықтан көшеттерді жыл он екі ай далада өсіру тиімсіз. Жобаны болашақта тиімді пайдалану үшін STEM шамдарын алдық. Сол арқылы олардың жыл бойы бөлме жағдайында өсуіне мүмкіндік жасап отырмыз», – дейді Асылай.
Бұл Бесқарағай оқушылары жүзеге асырып жатқан экологиялық бастамалардың бірі ғана.
Мектепте: «Био-тор» – пластик пен ұсақ қалдықтарды жинауға арналған биомиметикалық құрылғы; «AquaCleaner» – өзен шаянының дене құрылысын негізге ала отырып жасалған, су астындағы қоқысты жинауға арналған робот-кеме моделі; «Жасыл мекен» – мектеп ішін көгалдандыруға, гүлдер мен өсімдіктерді өсіріп, күтіп-баптауға бағытталған жоба да жүзеге асырылуда.
Оқушылар өз идеяларын ғылыми ізденіспен ұштастырып, STEM технологиялары мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, экологиялық мәселелерге тың шешімдер ұсынуда.
Табиғатты қорғау үлкен істерден ғана емес, осындай кішкентай қадамдардан басталады. Бүгін мектеп қабырғасында лимон өсіруді зерттеп жүрген Асылай секілді жас ізденімпаздар ертең туған жерінің экологиялық дамуына үлес қосатын білікті маманға айналуы әбден мүмкін!
Жас зерттеушілерге сәттілік пен толағай табыс тілейміз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









