Естеріңізде ме, биыл тамызда Қазақстан даласында екі керқұлан құлыны дүниеге келіп, көпшілікті қуантқан еді?
Ботай мен Тұмар бүгінде кәдімгідей ширап қалған!
«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының «Әліби» реинтродукциялау орталығында дүниеге келген қос құлын айналасын танып, жүгіріп, секіріп, бір-бірімен ойнап жүр.
Әзірге негізгі қорегі — ана сүті. Дегенмен кішкентайлар шөптің де дәмін татып, ересек керқұландардың қимылын қайталауды үйреніп келеді.
Ботай — Тессаның, ал Тұмар — Умбраның құлыны. Екеуі де аналарының жанында, үйірімен бірге өсіп келеді.
Алда оларды алғашқы қыс күтіп тұр!
Құлындар тамыз айының соңында туғандықтан, қысқы суыққа бейімделуі ерекше назарда. Мамандар олардың дамуын, дене жағдайын және мінез-құлқын тұрақты бақылап отыр.
Ботай мен Тұмар — жай ғана екі құлын емес! Олар Қазақстан даласында керқұландарды табиғи ортаға қайтару бағдарламасы аясында дүниеге келген алғашқы жаңа ұрпақтың өкілдері.
Бір кездері қазақ даласынан жоғалған керқұландардың қайта оралып, осы жерде төлдеуі — табиғатты қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам!
Фото авторы: Данияр Калиев, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы (АСБК).
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








