Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театрының актері Кенжетай Әбілдин Алматыда өткен ALMATY THEATRE FESTIVAL республикалық театр фестивалінде Ыдырыс Ноғайбаев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
15-20 қараша аралығында өткен фестиваль «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 10 жылдығына арналды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің әр өңірінен театр ұжымдары қатысып, көрермен назарына түрлі жанрдағы 11 қойылым ұсынды.
Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры фестивальге неміс драматургі Георг Бюхнердің пьесасы негізінде сахналанған «WOYZECK» спектаклімен қатысты. Қойылым 16 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында көрсетілді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Мейрам Хабибуллин.
Қойылымда тұрмыс тауқыметі мен қоғам қысымына ұшыраған қатардағы жауынгер Войцектің тағдыры суреттеледі. Кейіпкердің ішкі күйзелісі арқылы әлеуметтік теңсіздік, адам қадір-қасиеті және биліктің әлсізге үстемдік етуі мәселелері қозғалады. Ал Капитан бейнесі әскери иерархияның Войцек тағдырына ықпалын аша түседі.
Фестиваль қорытындысы бойынша Кенжетай Әбілдин «WOYZECK» спектакліндегі Капитан рөлін сомдағаны үшін Ыдырыс Ноғайбаев атындағы арнайы жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, фестиваль аясында «Дәстүрлі өнер және заманауи театр кеңістігі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









