Жезқазғанда Ұлттық ұлан сарбаздары алғаш рет қоғамдық тәртіпті күзетуге кірісті

    1 / 10

    Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 5575 әскери бөлімінің әскери қызметшілері алғаш рет қоғамдық тәртіпті күзету қызметіне кірісті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Осыған орай Ұлытау облысы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда салтанатты гарнизондық таралым өтті. Іс-шараға облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер қатысты.

    Салтанатты жиын барысында сарбаздарға қызметтік міндеттері түсіндіріліп, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

    Гарнизондық таралымнан кейін әскери қызметшілер Жезқазған қаласының көшелеріне шығып, қоғамдық тәртіпті күзетуге кірісті.

    Айта кетейік, 5575 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 25 сәуірдегі №268 қаулысына сәйкес құрылған. Әскери бөлім Жезқазған және Сәтбаев қалаларының ішкі істер органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін атқарады.

    Ұлттық ұлан сарбаздарының қоғамдық тәртіпті күзетуге жұмылдырылуы өңірдегі құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары