Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Алпамыс батыр» жырын Сүлеймен Жанбыршин нұсқасында жатқа айту бойынша өткізілген «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық байқауының І кезеңі – аудандық-қалалық сайыс өтті. Байқаудың мақсаты – жастар арасында халық ауыз әдебиеті мен фольклорды насихаттау, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, патриоттық сезімді арттыру, сондай-ақ жас ұрпақ арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Ғасырлар бойы халқымыздың батырлық рухы мен елдік мұратын паш етіп келе жатқан «Алпамыс батыр» жыры – ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңірудің құнарлы қайнар көзі. Байқауға облыс бойынша 6169 оқушы мен 2446 мұғалім тіркелді. Мектепшілік іріктеуден өткен 1100-ге жуық оқушы 9–20 қараша аралығында өткен аудандық-қалалық кезеңде, оқыту тіліне қарамастан, өнерін ортаға салды. Қатысушылар жырды жатқа айту мен мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша 50-ге жуық оқушы ІІ кезеңге жолдама алды. Аудандық-қалалық кезеңнің жүлдегерлеріне қаржылай сыйақылар табысталып, жеңімпаздарды дайындаған ұстаздарға алғыс хаттар берілді.
ІІ кезеңде І орын иегеріне ақшалай сыйлық және «SDU University» тегін білім гранты беріледі, сондай-ақ ІІ және ІІІ орын жүлдегерлері мен оларды дайындаған ұстаздар да қаржылай сыйақылармен марапатталады. Байқаудың ІІ кезеңі 9 желтоқсанда Қарағанды қаласында өтеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









