Абай облысында «Сөз дода» шешендік өнер байқауы өтті

    1 / 4

    Абай облысында мемлекеттік тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында 8–11 сынып оқушылары арасында «Сөз дода» облыстық шешендік өнер байқауы өтті.

    Байқауды Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Алматы қаласындағы «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубымен бірлесіп ұйымдастырды.

    Биылғы байқау жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойларына арналды. Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың шешендік өнерге деген қызығушылығын арттыру, ана тілінде сауатты әрі көркем сөйлеу дағдыларын дамыту, ұлттық рухани мұраны дәріптеу.

    Облыстың әр ауданынан жиналған оқушылар өзара бақ сынасып, шешендік қабілеттері мен сөз саптау шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың өнері мен сөз мәдениеті байқау барысында сараланды.

    Байқау қорытындысы бойынша Аягөз ауданынан қатысқан Бақаш Аяла І орынға ие болды. Үржар ауданының өкілі Омар Сезім ІІ орынды иеленсе, Абай ауданынан Кенжебекқызы Жәнел мен Жарма ауданынан Нағашыбай Аяжан ІІІ орынды өзара бөлісті.

    Жеңімпаздар мен байқауға қатысушылар басқарма басшысының арнайы дипломдарымен, алғыс хаттарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

    «Сөз дода» байқауы – жас буынның тілдік мәдениетін қалыптастыруға, шешендік өнерге баулуға және ұлттық сөз өнерінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған тағылымды жоба. Ана тілінде еркін сөйлеп, ойын жүйелі әрі көркем жеткізе білетін ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті" жаңалықтары