Елорда еліміздің жетекші индустриялық орталығы ретіндегі позициясын нығайтып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында қала кәсіпорындары 3,1 трлн теңгенің өнімін өндірді. Қазіргі уақытта елордадағы өндіріс орындары халықаралық сапа стандарттарына сай жұмыс істеп, жоғары технологиялық жүйелерді қолдануға және экологиялық талаптарды сақтауға басымдық беріп отыр. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы жетекші өндірістік алаңдар мен саланы дамыту перспективалары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда өнеркәсібінің негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның үлесіне жалпы өндіріс көлемінің 95 пайызына жуығы немесе қаңтар-қыркүйек айларында өндірілген 2,9 трлн теңге өнім тиесілі.
Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында металлургияның үлесі 61,2 пайызды, машина жасаудың үлесі 19,5 пайызды құрайды.
Алайда Астананың өнеркәсіптік әлеуеті ауыр индустриямен ғана шектелмейді. Қалада құрылыс материалдары, сусындар, азық-түлік өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары да өндіріледі. Атап айтқанда, металл емес минералдық өнімдердің үлесі – 6,7%, сусындар өндірісі – 4,9%, азық-түлік өнімдері – 3,1%, резеңке және пластмасса бұйымдары – 2%.
Өндіріс бағыттарының әртараптандырылуы елордада құрылыс пен көлік саласынан бастап, халықтың күнделікті қажеттіліктеріне дейінгі бірнеше нарықты қамтитын өнеркәсіптік база қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Өнеркәсіпті дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – «Астана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтары. Бұл аумақтарда кәсіпорындарды орналастыруға, инвестиция тартуға және жаңа өндірістік жобаларды іске қосуға қолайлы жағдай жасалған.
Елордадағы ең ірі өнеркәсіптік алаң – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан №1 Индустриялық парк. Қазіргі уақытта мұнда жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда. Оның 103-і жұмыс істеп тұр, ал 42 жоба іске асырудың түрлі кезеңінде. Сонымен қатар 30-дан астам өндіріс орны шетелдік инвесторлардың қатысуымен құрылып жатыр.
Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы кәсіпорындар 8 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жаңа жобалар толық іске қосылғаннан кейін тағы 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Кәсіпорындар санының артуына байланысты өндірістік алаңдарға, инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылымға деген қажеттілік те өсіп келеді. Осыған орай Астанада №2 Индустриялық паркті іске асыру жұмыстары басталды. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылып, елорданың өндірістік секторын одан әрі кеңейтуге бағытталған.
2029 жылға дейін жаңа индустриялық парк аумағында жалпы инвестиция көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрайтын 100-ден астам жобаны орналастыру жоспарланып отыр. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жаңа индустриялық парк бірнеше бағытты қамтиды. Мұнда машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс материалдарын, жиһаз және медициналық өнімдер өндірушілер орналасады.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Себебі кәсіпкерлер үшін жеке зауыт немесе өндірістік кешен салу көбіне үлкен қаржылық кедергіге айналады.
Бұл мәселені шешудің бір жолы – шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту. «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жалпы инвестиция көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрайтын осындай үш жоба қаржыландырылып, жүзеге асырылды. Оның 3,5 млрд теңгесі қарыз қаражаты есебінен бөлінген. Нәтижесінде қалада жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын өндірістік және қойма ғимараттары пайдалануға берілді. Бұл алаңдарда 80-ге жуық жұмыс орны құрылды.
Мұндай форматтың басты артықшылығы – кәсіпкерлерге өндірістік инфрақұрылымды нөлден бастап салудың қажеті жоқ. Олар арнайы дайындалған ғимараттарға жабдықтарын орналастырып, өндіріс жұмысын ұйымдастыра алады. Бұл бизнес үшін бастапқы шығындарды азайтуға, ал қала үшін жаңа кәсіпорындарды тартуға және өндірілетін өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіпті дамытудың тағы бір бағыты – Аграрлық-индустриялық аймақ құру. Болашақ өндірістік алаң үшін елорданың Байқоңыр ауданындағы «Өндіріс» тұрғын алабынан 87,8 гектар жер телімі бөлінген. Жаңа аймақ негізінен тамақ өнеркәсібіне бағытталады.
Мұнда жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын 20-дан астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Арнайы өндірістік алаңның құрылуы елорданың өз аумағында азық-түлік өнімдерін өндіру мүмкіндігін кеңейтуге тиіс.
Қарқынды дамып келе жатқан Астана үшін отандық өндірісті өркендету экономикалық өсудің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту, жаңа индустриялық парктер құру және инвестиция тарту кәсіпкерлікті дамытуға тың мүмкіндіктер ашады. Бұл бастамалар елорданың әкімшілік және іскерлік орталық қана емес, еліміздің маңызды өнеркәсіптік орталығы ретіндегі позициясын да нығайта түспек.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






