Қонаев қаласында «Жеті қазына – жеті кітап» облыстық әдеби марафоны өтті

    1 / 4

    Қонаев қаласында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жеті қазына – жеті кітап» облыстық әдеби марафоны өтті. Марафон басқарманың жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

    Марафонның негізгі мақсаты – қатысушыларды ұлттық әдебиеттің көрнекті туындыларымен таныстыру, шығармалардың мазмұны мен тағылымдық мәнін терең түсінуге, өз ой-пікірлерін еркін жеткізуге баулу. Сонымен қатар кітап оқу арқылы рухани құндылықтарды дәріптеу және ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылықты арттыру көзделген.

    Марафонның өткізу кестесіне сәйкес Жамбыл және Қарасай аудандарынан келген екі топ өзара бақ сынады.

    Марафон бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Оқы», «Талда», «Пікір білдір», «Сахнала» және «Білгірлер бәйгесі» кезеңдері бойынша өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

    Қатысушылардың жұмыстары мен тест тапсырмалары қазылар алқасының бағалауынан өтті. Бағалау барысында жұмыстардың мазмұндық өзектілігі, шығармашылық ерекшелігі, тақырыпқа сәйкестігі және таныстырылу деңгейі ескеріліп, тиісті ұпайлар берілді.

    Барлық аудан мен қала марафонға қатысып болғаннан кейін жалпы қорытынды шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Үздік нәтиже көрсеткен аудандар арнайы дипломдармен және бекітілген жүлде қоры аясында қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

    Ұлттық әдеби мұраны насихаттауға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған «Жеті қазына – жеті кітап» облыстық әдеби марафоны алдағы уақытта да жалғасын табады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті" жаңалықтары