«Соңыра»: адам өмірін құтқарған жандардың тағдыры

    Талдықорған қаласында өрт сөндірушілердің өмірі мен қызметіне арналған «Соңыра» фильмінің премьералық көрсетілімі өтті. Көрсетілімге Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 200-ге жуық қызметкері жиналды.

    Күн сайын адам қауіпсіздігін күзетіп, өзгелерге көмекке асығатын жандар үшін бұл туындының орны ерекше болды. Өйткені үлкен экранда өздері таңдаған мамандықтың қыр-сыры, күрделі қызмет жолы, кәсіби борышы, отбасылық қарым-қатынастары мен күнделікті қызметтен тыс өмірі бейнеленген.

    Кештің ерекше сәттерінің бірі – фильмнің басты кейіпкерлерінің көрермендермен жүздесуі болды. Олар да премьераға қатысып, көрермендермен бірге фильмнен алған әсерлерімен бөлісті.

    «Соңыра» фильмінде өрт сөндірушілер тек кез келген сәтте көмекке келуге дайын мамандар ретінде ғана емес, өз отбасылары, жақындары, армандары мен өмірлік сынақтары бар қарапайым адамдар ретінде де көрсетіледі.

    Іс-шара барысында Департамент басшылығы фильм актерлері Дариға Бадыкова мен Олжас Абайға алғыс хаттар табыстады.

    Департамент қызметкерлері үшін бұл көрсетілім өз мамандықтарының экрандағы көрінісін тамашалап қана қоймай, құтқарушы мамандығының мәні мен әрбір қызметкерге жүктелетін жауапкершілікті тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік берді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары