Күш, төзімділік пен жеңіске деген ұмтылыс – Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің бойынан тек қызметте ғана емес, спорт алаңдарында да көрініс табатын қасиеттер. Кезекті жарыстар олардың жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғауға мүмкіндік берді.
Осындай жарыстардың бірі 2026 жылғы 27 қазанда Жетісу облысында күш құрылымдары қызметкерлері арасында самбодан өтті. Турнир қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция капитаны Ержан Боранбайұлы Ахметовті еске алуға арналды.
Жарыс қорытындысы бойынша Жетісу облысы ТЖД қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды:
- Қарабұлақ ауылындағы №13 өрт сөндіру бөлімшесінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Айбол Ерболұлы Жұмақалымов – I орын;
- Сарыөзек ауылындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Санжар Сабыржанұлы Жақсылыбаев – II орын;
- Талдықорған қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Әлібек Қанатбекұлы Қабдрахымов – III орын.
Спорттық жетістіктер республикалық деңгейде де жалғасын тапты. 1-3 қараша аралығында Алматы қаласында комбат джиу-джитсудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған жарыста Санжар Жақсылыбаев тағы да үздіктер қатарынан көрініп, II орын иеленді.
Сондай-ақ 11-15 қараша аралығында жастар мен ересектер арасында әмбебап жекпе-жектен Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Бұл жарыста да департамент қызметкерлері жоғары нәтиже көрсетті. Айбол Жұмақалымов I орын, ал Санжар Жақсылыбаев II орын иеленді.
Жеңіске деген жігері, табандылығы мен спорттық мінезі үшін Сарыөзек ауылындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Санжар Құдайберген Бауыржанұлы мен Алакөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Еламан Серікұлы Базарбай да атап өтілді.
Мұндай жетістіктердің артында үздіксіз жаттығу, тәртіп пен үнемі жетілуге деген ұмтылыс жатыр. Бұл қасиеттер спортта ғана емес, құтқарушылардың күнделікті қызметінде де маңызды. Себебі батылдық, төзімділік пен дене дайындығы – төтенше жағдай кезінде шешуші рөл атқаратын қасиеттер.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерді қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, спортта да, қызметте де толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейді!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









