Мемлекет басшысының «Атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Азат Оралбаевтың Шұбарсу ауыл округі тұрғындарымен есептік кездесуі өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі салалардағы нәтижелерді баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер мен басым бағыттарға тоқталды.
Аудан басшысы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселелеріне ерекше назар аударды. Күзгі ағаш отырғызу науқанына әр тұрғынның белсенді қатысуы ауылдың көркеюіне қосылған үлес екенін атап өтті. Сондай-ақ көше мен аула тазалығын сақтау бір реттік науқанмен шектелмей, күнделікті дағдыға айналуы қажеттігін айтып, тұрғындарды ауылдың көркеюіне бірлесе атсалысуға шақырды.
Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар жол, ауызсу және газбен қамту мәселелерін көтерді. Қойылған сұрақтарға ауыл әкімдігі мен тиісті сала басшылары жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын түсіндірді.
Аудан басшысы аудан бойынша ауызсумен қамту мәселесі толық шешіліп, елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанын атап өтті. Сонымен қатар білім беру және денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігі толық қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Газдандыру мәселесіне тоқталған аудан әкімі Шұбарсу ауылында газ тарту жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілгенін айтты. Қалған кезеңдер бойынша қажетті жұмыстар алдағы жылға жоспарланып отырғанын жеткізді. Жол инфрақұрылымын дамыту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жұмыстар маңыздылығы мен қажеттілігіне қарай жоспарлы түрде жалғасатынын атап өтті.
Шұбарсу ауыл округінде жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық 232 көше бар. Бүгінде көшелердің 80 пайызына тас төселген, қалған 20 пайызы осы жұмысты қажет етеді.
Ауызсу жүйесін тарту жұмыстары бес кезең арқылы жүргізілген. Төртінші кезеңі толық аяқталып, пайдалануға берілген. Екінші кезең бойынша анықталған ақаулар жойылып, нысанды алдағы бір ай көлемінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал, газдандыру жұмыстары төрт кезең бойынша жүзеге асырылуда. Жақында үшінші кезеңі аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 1 246 абонентті газ желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Монтаждау және техникалық шарттарды рәсімдеу шаралары жалғасуда. Қалған кезеңдер келесі жылға өтпелі.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындалуы аудан әкімінің бақылауына алынды. Аудан басшысы әрбір мәселенің шешілу барысы басты назарда болатынын айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысына ақ баталарын берді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






