Талдықорғанда көпқабатты тұрғын үйдің балкондары өртенді

    1 / 2

    8 қараша күні Талдықорған қаласындағы тоғыз қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, жалын бірнеше пәтердің балкондарына тарады. Өрт жетінші қабаттағы балконнан басталып, кейін сегізінші қабаттағы пәтерге және көршілес пәтерлердің балкондарына жайылған.

    Өрт туралы хабарлама сағат 13:40-та «112» пультіне түсті. Оқиға орнына Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетті. Өрттің ауқымына байланысты құтқарушылар 1-БИС жоғары шақыру дәрежесі бойынша жұмыс істеді.

    Өрт сөндірушілер жалынмен күресіп жатқан кезде тұрғындар ғимараттан эвакуацияланды. Бірқатары өздігінен сыртқа шықса, енді біріне құтқарушылардың көмегі қажет болды. Жалпы, ғимараттан 42 адам, оның ішінде 13 бала эвакуацияланып, құтқарылды. Олардың жетеуін, соның ішінде екі кәмелетке толмаған баланы ТЖД қызметкерлері қауіпті аймақтан алып шықты.

    Өрт сағат 14:43-те толық сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 23 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ.

    Өртті сөндіруге 29 қызметкер мен 9 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.

    Құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйлерде өрттің көршілес пәтерлерге тез таралуы мүмкін екенін ескертеді. Түтін немесе өрт белгілері байқалған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласып, өз өміріңізге қауіп төндірмеңіз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары