Жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керек?

    Жер сілкінісі кез келген уақытта кенеттен басталуы мүмкін. Мұндай жағдайда алғашқы әрекеттер адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Ең бастысы – сабыр сақтап, қауіпсіздік ережелерін білу.

    Егер жер сілкінісі ғимарат ішінде болған кезде басталса, терезелерден, шкафтардан және ауыр заттардан аулақ болыңыз. Берік үстелдің астына жасырынуға тырысып, басыңыз бен мойныңызды қорғаңыз. Көпқабатты ғимараттан дүмпулер кезінде сыртқа шығуға асықпаңыз және лифтіні пайдаланбаңыз. Дүмпулер аяқталған соң, баспалдақ арқылы абайлап ғимараттан шығыңыз.

    Егер көшеде болсаңыз, ғимараттардан, балкондардан және электр желілерінен алыс, ашық әрі қауіпсіз жерге барыңыз. Ал көлік жүргізіп келе жатсаңыз, ғимараттардан, көпірлер мен жол өткелдерінен алыс жерде тоқтап, дүмпулер аяқталғанша көлікте қалыңыз.

    Есте сақтаңыз: негізгі жер сілкінісінен кейін қайталама дүмпулер – афтершоктар болуы мүмкін. Олар зақымданған ғимараттардың құлауына әкелуі ықтимал. Сондықтан бүлінген құрылыстарға жақындамаңыз.

    Сабыр сақтап, адамдардың жаппай дүрбелеңге түсуіне жол бермеңіз және төтенше жағдайлар қызметінің нұсқауларын орындаңыз. Қауіпсіздік ережелерін білу – өз өміріңіз бен айналаңыздағы адамдардың өмірін сақтаудың маңызды қадамы.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары