Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінде Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің адал қызметіне, жоғары кәсібилігіне және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесіне алғыс білдіруге мүмкіндік берді.
Іс-шара аясында үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, кәсібилігі мен қызметтегі жоғары нәтижелері үшін оларға медальдар мен Құрмет грамоталары табысталып, кезекті арнаулы атақтар берілді.
Сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің рухына тағзым етілді. Қатысушылар олардың ерлігіне, жанқиярлығына және антына адалдығына құрмет көрсетіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Құтқарушы мамандығы жоғары жауапкершілікті, кәсіби даярлықты және кез келген сәтте адамдарға көмек көрсетуге дайын болуды талап етеді. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері күн сайын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге атсалысады.
Құтқарушылар күні – тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар өмірін қоғамға қызмет етуге арнаған азаматтарды еске алып, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген барша құтқарушыларға құрмет білдіретін ерекше күн.









