Батылдық, ерлік және өзгеге көмек көрсетуге әрдайым дайын болу — бала кезден бойға сіңетін қасиеттер. Осындай ізгі ниетті жүрегіне серік еткен Талдықорған қаласындағы №29 мектеп-лицейдің кадет сыныбының оқушылары адам өмірін қорғауды басты міндеті санайтын құтқарушылардың кәсіби мерекесін ерекше көңіл күймен қарсы алды.
Құтқарушылар күніне орай Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жас кадеттерді мерекемен құттықтап, батылдық пен жанқиярлықты талап ететін мамандықтың маңыздылығы туралы әңгімеледі.
Кездесу жай ғана мерекелік құттықтаумен шектелмеді. Оқушылар құтқарушы болудың мәні, оның жауапкершілігі мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы тағылымды ойлармен бөлісті. Өйткені құтқарушы болу — тек күш пен батылдықтың көрінісі емес. Бұл — кез келген жағдайда сабыр сақтап, шешім қабылдай білу, қиын сәтте тайсалмай әрекет ету және ең бастысы, адам өмірін арашалауға деген шынайы ниет.
Департамент қызметкерлері жас өрендерге оқуда озат болуды, дендерінің сау, рухтарының мықты болуын және алға қойған мақсаттарына нық қадам басуды тіледі. Сондай-ақ болашақта төтенше жағдайлар қызметінің қатарын толықтыруды армандайтын оқушылардың ынтасына ерекше тоқталып, олардың таңдаған жолына сәттілік тіледі.
Бәлкім, бүгінгі кездесу жас кадеттердің бірінің жүрегіндегі арманын одан әрі жалғап, болашақта құтқарушы формасын киіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуына себеп болар.
Өйткені батырлар бір күнде қалыптаспайды. Олардың ерлікке бастар жолы кейде мектеп партасынан, мамандыққа деген қызығушылықтан, адамға деген құрмет пен ел қауіпсіздігіне үлес қосуға деген ұмтылыстан басталады.









