«Қыс – 2026» республикалық командалық-штабтық және кешенді оқу-жаттығуы өткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлының төрағалығымен азаматтық қорғау қызметтері басшыларымен жедел штаб отырысы өткізілді.
Содан кейін Аққыстау ауылы, Теміржол вокзал маңы алаңында қажетті арнайы техникалардың, коммуналдық кәсіпорындардың күш-құралдарының қысқы маусымға дайындығы тексерілді. «Аудандық азаматтық қорғау қызметтерін құру туралы» шешімге сәйкес оқу-жаттығуға 11 қызмет, 82 маман және 28 техника түрі тартылды.
Оқу-жаттығудың тақырыбы: «Қысқы кезеңдегі жағдайларда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға АҚМЖ-ның басқару органдары мен күштерін дайындау».
Бұдан кейін азаматтық қорғау қызметтерінің сапын аралап, қысқы кезеңдегі міндеттері мен төтенше жағдай туындаған кездегі әрекет ету тәртібін қарады. Әр сала бойынша дайындық деңгейі сараланып, тиісті ескертулер мен тапсырмалар берілді.
Оқу-жаттығудың практикалық іс-шараларын өткізу кезеңінде қысқы жағдайда болуы ықтимал төтенше оқиғалар кезіндегі құтқару және қалпына келтіру жұмыстары көрсетілді. Алғашқы кезекте қар құрсауында қалған адамдарды құтқару жұмыстары пысықталды. Шартты түрде зардап шеккен бір адамға жедел медициналық жәрдем бригадасы алғашқы көмек көрсетті.
Келесі кезеңде мектеп-гимназия базасында эвакуациялық қабылдау пункті ұйымдастырылып, қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарды орналастыру тәртібі көрсетілді. Тұрғындарға медициналық және психологиялық көмектер көрсетіліп, ана мен балаға, сондай-ақ ер адамдарға арналған арнайы бөлмелерді дайындау жұмыстары таныстырылды. Бұл –төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, олардың қажеттіліктеріне орай жағдай жасауға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Сонымен қатар қар құрсауында қалған автобусқа арнайы техника жұмылдырылып, көлік құралын қардан аршу және қауіпсіз аймаққа шығару жұмыстары жүргізілді. Ал оқу-жаттығудың келесі кезеңінде газ желісінде туындаған шартты ақауды жою бойынша авариялық-қалпына келтіру жұмыстары пысықталды. Бұл міндетті «Исатай газ шаруашылығы» мекемесінің мамандары орындап, апаттық жағдайда атқарылатын іс-қимылдардың ретін көрсетті. Қысқы кезеңде қарлы боран, көктайғақ, жол қатынасының үзілуі мен инженерлік желілердегі ақаулар тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда әр қызметтің өз міндетін нақты білуі, уақыт жоғалтпай әрекет етуі және бірлескен жұмысты үйлестіре алуы аса маңызды. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты да – осындай төтенше жағдайларға алдын ала дайын болып, адам өмірі мен денсаулығын қорғау.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









