Тәуелсіздік жылдарында ауыл баласының сапалы білім алуына, қабілетін дамытып, республикалық додаларда бақ сынауына мүмкіндік кеңейді. Ақжайық оқушылары мен мұғалімдерінің жетістіктері – осы мүмкіндіктердің, білімге салынған инвестиция мен күнделікті ізденістің нәтижесі.
2025–2026 оқу жылының қорытындысында Ақжайық ауданының білім беру бөлімі облыста алғаш ұйымдастырылған аудандық және қалалық білім бөлімдері арасындағы рейтингте Бас жүлде иеленді. Бұл – аудан мектептері мен педагогтерінің ортақ еңбегіне берілген баға.
Астанада өткен ауыл мектептерінің 9–11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадада Абай атындағы мектеп-гимназиясының шәкірттері екі алтын, бір күміс медаль жеңіп алды. Гүлжайна Саин қазақ мектептеріне арналған орыс тілі мен әдебиетінен, Құндыз Зинеш қазақ тілі мен әдебиетінен алтын медаль иеленді. Инабат Төлеген информатикадан күміс жүлдегер атанды. Осы мектептің 5-сынып оқушысы Азиза Асан республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиетінен І орынға қол жеткізді.
Облыстық пән олимпиадаларында аудан оқушылары 21 жүлделі орын иеленді. Оның алтауы – І, алтауы – ІІ, тоғызы – ІІІ орын. Жүлдегерлер қатарында Абай мектеп-гимназиясы, №1, Қаршы, Қ. Байсықов, М. Әуезов атындағы №2, Жаңабұлақ, Базартөбе мектептері, Бударин мектеп-бөбекжай кешені мен М. Абдулов атындағы негізгі орта мектептің оқушылары бар.
Ұстаздардың кәсіби жетістіктері де ауданның білім саласындағы табысын толықтырды. С. Ошанов атындағы мектептің педагогі Алмат Мырзахметов «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» облыстық педагогикалық олимпиадасында ІІ орын алып, республикалық кезеңде грамотамен марапатталды.
Балалар-жасөспірімдер туризм орталығының педагогтері Саламат Утеуов пен Самал Ералиева республикалық «Европа–Азия 2025» фестивалінде жүлдегер атанды. Саламат Утеуов «Өткелдер» және «Техникалық» қашықтықтарында екі ІІ орын алса, Самал Ералиева ІІ және ІІІ орын иеленді. Орталық облыс көлемінде балалар туризмін үздік дамыту аталымында ІІІ орынға қол жеткізді. Аудан өкілдері педагогикалық отрядтардың «Жазғы Boom!» республикалық слетінде де ІІІ орын алды.
Ауыл мектебінен республикалық жеңіс тұғырына көтерілген шәкірттер, кәсіби бәсекеде танылған ұстаздар – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан білім мүмкіндіктерінің нақты жемісі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









