Тәуелсіздікке 35 жетістік: ЖАҢАРҒАН МЕКТЕПТЕР – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ

    Тәуелсіздік жылдарында ауданымызда 10 мектеп жаңадан салынып, 16 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Ауыл мектептерінің жаңаруы балалардың білім алу жағдайын жақсартып, білім саласының материалдық базасын нығайтқаны сөзсіз. Бұл – тәуелсіздіктің жас ұрпаққа теңдессіз тартуы.
    Ауданның бірнеше ауылдарында тәуелсіздік жылдарында мектептер бой көтерді. Айталық, 2007 жылы Чапаевтағы М. Әуезов атындағы №2 мектеп, 2012 жылы Ақсуаттағы С. Ошанов және Көнеккеткендегі О. Исаев атындағы мектептер салынды. 2013 жылы Сайқұдықтағы Ж. Молдағалиев атындағы мектеп жаңа ғимаратқа ие болды.
    Бұл жұмыс кейінгі жылдары да жалғасты. 2018 жылы Шабдаржапта Х. Доспанова атындағы мектеп бой көтерсе, 2020 жылы Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназия мен интернат ғимараттары пайдалануға берілді.
    2023 жылы Атамекендегі М. Өтемісов атындағы мектеп пен Жайық негізгі мектебінің жаңа ғимараттары ашылды. Атамекенде 108 орындық, Жайықта 60 орындық мектеп салынды. 2026 жылы жаңа білім нысандарының қатарын Кеңсуат және Үштөбе негізгі мектептері толықтырды.
    Жаңа құрылысқа қоса, ауданда бірқатар мектептер де күрделі жөндеуден өтті. Базаршоландағы Ғ. Махамбетов атындағы, Базартөбе, Жаңабұлақ, Сарытоғай мектептері, Лбішіндегі Қаршы мектебі, Қабыршақтыдағы Бітік және Жұбан Молдағалиев ауылындағы Талап мектеп-бөбекжай кешендері күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Тайпақтағы Қ. Байсықов және Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептер, Қарауылтөбедегі Тайпақ мектебі, Мерген, Алмалы, Есенсай, Алғабас мектептері, Бударин мектеп-бөбекжай кешені мен Чапаевтағы №1 мектеп жөндеуден кейін жаңғырды. Бірқатар білім ошақтарында жөндеу жұмыстары әр кезеңде қайталанып жүргізілді. Соның ішінде Базаршоландағы мектеп 2004 және 2025 жылдары, Базартөбе мектебі 2005 және 2022–2024 жылдары күрделі жөндеуден өтті.
    Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан орталығымен қатар шағын ауылдардағы білім нысандары да жаңарды. Оқушылардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің сабақ өткізуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған бұл өзгерістер ауыл мектебінің мүмкіндігін кеңейтті.
    Білім саласындағы өзге де жарқын жетістіктерді алдағы жарияланымдардан оқи отырыңыздар.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары