ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 35 ЖЕТІСТІК: АҚЖАЙЫҚ

    Шаруашылықты жаңа технологиялар ілгерілетеді
    Соңғы жылдары ауданда мал азықтық дақылдар егісін кеңейтуге, суармалы егіншілікті дамытуға және шаруашылықтарға заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріліп келеді.
    Айталық, 2026 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 5777,5 гектарды құрады. Соның 5024 гектары мал азықтық дақылдарға тиесілі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4105 гектар болған. Осылайша мал азықтық дақылдар егілетін жер көлемі айтарлықтай ұлғайып келе жатқанын көруге болады.
    Егістік құрылымында біржылдық және көпжылдық шөптерге, сүрлемдік жүгеріге, арпа, қара бидай мен тритикалеге орын берілген. Атап айтқанда, 3329 гектарға біржылдық шөп, 599 гектарға көпжылдық шөп, 675 гектарға сүрлемдік жүгері егілді.
    Аудан шаруашылықтары кейінгі жылдары егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етудің тиімді тәсілдерін енгізіп, арнайы қондырғылар сатып алуға инвестиция бағыттады. Нәтижесінде жаңбырлатып суару әдісі қолданылатын жер көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. 2022 жылы мұндай алқап 260 гектар болса, 2023 жылы 304,5 гектарға, 2024 жылы 820 гектарға, 2025 жылы 1125 гектарға жетті. Ал 2026 жылы 1938 гектарды құрады. Яғни бес жыл ішінде жаңбырлатып суарылатын алқап көлемі 7,5 есеге жуық артты.
    Осы кезеңде аудан шаруашылықтарында 24 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылды. Олардың қатарында халықаралық және отандық өндірушілердің AFKO, Atlantic, KazGrow, «Кубань», Bauer және Debont жүйелері бар. Мәселен, «Сәбит» шаруа қожалығы 320 гектар жерге төрт AFKO қондырғысын орнатып, судан шөбі, жоңышқа және арпа өсіруде. «Мұқадес» шаруа қожалығында екі Atlantic қондырғысы 160 гектар алқапты қамтыса, «AmanerIZI» ЖШС үш KazGrow қондырғысы арқылы 210 гектар жерді суаруда. «Дөнгелек» шаруа қожалығы төрт «Кубань» қондырғысымен 339 гектар алқапты қамтыды. Ал «Ақжайық-Агро» ЖШС алты суару қондырғысы арқылы 500 гектар жерге жүгері өсіруде. «Нығмет» шаруа қожалығында бес Debont қондырғысы 409 гектар жерде судан шөбі мен жоңышқаны суаруға пайдаланылуда.
    Жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатуға жалпы 1,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта да суармалы егіншілік аясын кеңейту көзделіп отыр. 2027 жылы қосымша 248 гектар жерге үш жаңбырлатып суару қондырғысын орнату жоспарланған.
    Екпешөп алқабының ұлғаюы, бес жылда жаңбырлатып суарылатын жер көлемінің 7,5 есеге жуық артуы, 24 заманауи қондырғының іске қосылуы және 1,8 миллиард теңге инвестицияның тартылуы – Ақжайық ауданындағы аграрлық саланың маңызды жетістіктері.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары