Әлеуметтік қолдау саласы
Қоғамның әл-ауқаты ең алдымен оның әрбір мүшесіне жасалған қамқорлықтан көрінеді. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсету, қарттардың қамсыз өмір сүруіне жағдай жасау, мүгедектігі бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Ақжайық ауданында да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Әлеуметтік қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету. Биыл ауданда 68 отбасындағы 397 адамға 34,5 миллион теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Әлеуметтік қолдау шаралары отбасылардағы балалардың қажеттіліктерін өтеуді де қамтиды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 55 отбасындағы бір жастан алты жасқа дейінгі 117 балаға 4,5 миллион теңгеден астам қосымша төлем жасалды. Ал тұрғын үй көмегі 11 отбасындағы 21 адамға тағайындалды.
Аудан көлемінде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Биыл мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына 1355 адамға 98,4 миллион теңгеге жуық материалдық көмек көрсетілді.
Елге еңбегі сіңген аға буын өкілдері де қамқорлықтан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша 356 ардагерге 26,4 миллион теңге біржолғы материалдық көмек төленді. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар, басқа да әскери қақтығыстар мен сынақтардың зардабын тартқан тұрғындар бар.
Әлеуметтік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыру. Жеке оңалту бағдарламалары аясында азаматтар протездік-ортопедиялық, тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен қамтамасыз етілуде. Мәселен, биыл 37 кресло-арба берілді. Сонымен қатар 87 адам санаторийлік-курорттық ем қабылдап, 39 азамат «Ақжайық оңалту орталығында» сауықтыру шараларынан өтті.
Мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауда «Инватакси» қызметінің маңызы зор. Аудан бойынша бұл қызметті 21 адам пайдаланады. Олардың 13-і ересек азамат болса, сегізі – балалар.
Қолжетімді орта қалыптастыру бағытында да нақты нәтижелер бар. Ауданда 2021–2027 жылдарға арналған жоспар бойынша 130 нысанды кезең-кезеңімен бейімдеу көзделген. 2021–2025 жылдары 117 нысан бейімделсе, 2026 жылы тағы жеті нысанда тиісті жұмыстар толық аяқталды. Осылайша 124 әлеуметтік және қоғамдық нысан мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімделді.
Соңғы жылдары ауданда әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа құрылымдары да қалыптасты. Соның бірі – Отбасын қолдау орталығы. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және өзге де қажетті көмек көрсетіледі.
Орталық жұмысына заманауи цифрлық жүйелер енгізіліп, азаматтардың мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік жасалуда. Атап айтқанда, FSM Social жүйесі арқылы 193 адамға 219 қызмет көрсетілді.
Әлеуметтік қорғау саласындағы тағы бір маңызды қадам – Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының дербес коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде құрылуы. Бүгінде орталықта 47 қызметкер еңбек етеді. Оның 41-і – әлеуметтік қызметкер. Мекеме 157 адамға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олардың 111-і – жалғызілікті қариялар, қалғандары – мүгедектігі бар ересектер мен балалар.
Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік қорғау саласында жүзеге асқан өзгерістердің басты мақсаты – мемлекет қамқорлығын әрбір мұқтаж азаматқа жеткізу. Атаулы әлеуметтік көмек пен материалдық қолдаудан бастап, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге, қолжетімді орта қалыптастыруға дейінгі жұмыстар осы мақсатқа бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








