Тәуелсіздікке 35 жетістік: АҚЖАЙЫҚ

    Шығармашылыққа қанат бітірген орда
    Ақжайық аудандық балалар шығармашылық орталығы талай өреннің талабын шыңдап, өнер мен білімнің түрлі саласында өзін танытуына мүмкіндік берді. Бүгінде орталық тәрбиеленушілерінің жетістіктері аудан, облыс көлемімен шектелмей, республикалық және халықаралық деңгейде жалғасып келеді.
    Орталық тарихындағы маңызды белестің бірі – 2022 жылы Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясына мүше болып, «ЮНЕСКО клубы» мәртебесін иеленуі. Осы мүмкіндіктің алғашқы жемісі көп күттірмеді. 2022 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған «The Planet of ART» халықаралық фестиваль-конференциясында орталықтың сурет үйірмесінің мүшесі Айгүл Әміржан шығармашылық жетістігімен танылды. М. Әуезов атындағы мектептің сол кездегі 10-сынып оқушысы «Ертегідей болған естелік» атты жұмысын халықаралық байқауға ұсынып, көркемсурет бағыты бойынша марапатталған Батыс Қазақстан облысының жалғыз өкілі атанды. Қазақстаннан қатысқан 38 оқушының арасынан дараланған жас суретшінің жетекшісі – Даняр Избасаров.
    Халықаралық байқаулардағы жетістіктер мұнымен шектелген жоқ. 2022 жылы «World without borders» халықаралық балалар шығармашылығы байқауында Гүлназ Есмағзомқызы, Шахрух Тенелбаев, Карина Шанаева, Назира Айтуарова және Шұғыла Мизамғали дипломдармен марапатталды. Оларды өнер додасына Қайсар Сисенгазиев пен Даняр Избасаров дайындады. Ал робототехника үйірмесінің мүшесі Бекарыс Серік «Время перемен» республикалық бейнеролик байқауында диплом иеленді. Би үйірмесінің тәрбиеленушісі Айбөбек Төребай «The Planet of ART – 2022» халықаралық хореографиялық фестиваліне қатысып, сертификатпен марапатталды.
    Шығармашылық орталықтың тағы бір жарқын жетістігі – 2024 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жауқазын» аймақтық халық би байқауындағы жеңіс . Бұл өнер додасында Гүлден Оңғар жетекшілік ететін «Дарын» би ансамблі Бас жүлдені жеңіп алса, А. Бекетаева жетекшілік ететін үлгілі «Балауса» би ансамблі ІІ орынға ие болды.
    Сол жылы жас суретшілер де халықаралық деңгейде танылды. Түрік әлемінің мәдени мұрасына арналған байқауда Балауса Амантай мен Гүлназ Есмағзомқызы жеңімпаз атанды . Орталық тәрбиеленушілері өнермен қатар, техникалық шығармашылық саласында да табысты еңбек етіп келеді. 2025 жылғы 13 мамырда Астана қаласында өткен халықаралық «ROBOTEK GRAND TOURNAMENT» чемпионатында Серік Бағдәулет пен Сағындықұлы Ералыхан ІІІ орын иеленді .
    2026 жыл да орталық үшін толағай табыстарға толы болды. Республикалық XVI Ұлттық Дельфий ойындарында фотосурет аталымы бойынша Аружан Ибнигаббас, бейнелеу өнері бойынша Наргиза Гатауова күміс медаль жеңіп алды.
    Атырау қаласында 1–2 мамыр күндері өткен XVII Asilk Way Creative Games Ұлттық жастар Дельфий ойындарының өңірлік кезеңінде де ақжайықтық өрендер жүлделі орындардан көрінді. Мирас Байтемір фотостудия, Балауса Амантай бейнелеу өнері аталымынан алтын медаль иеленді. Бейнелеу өнері бойынша Сезім Бауыржан күміс, Жасмин Бектас қола медальға қол жеткізді. Эстрадалық ән айту аталымында Бекарыс Темірхан арнайы дипломмен марапатталды. Бұл жеңістерге С.Абулхайров, Д. Избасаров, Қ. Сисенгазиев, А. Беріков және А. Уалиев жетекшілік еткен шәкірттер қол жеткізді.
    Орталық педагогтері де кәсіби шеберліктерін түрлі байқауларда дәлелдеп келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік қанатымның қиялы» аудандық шығармашылық көрме-байқауында Даняр Избасаров Бас жүлдені, Минигүл Қажкенова І орынды иеленді.
    Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған облыстық пікірсайыс турнирінде Жайық негізгі мектебінің оқушысы Диляра Тажанова 44 спикер арасынан ерекшеленіп, «Үздік спикер» аталымына ие болды.
    Ақжайық аудандық Балалар шығармашылық орталығының ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болуы, халықаралық өнер байқауларындағы жеңістері, республикалық додалардағы жүлделері – тәуелсіздік жылдарында ауыл баласының шығармашылық дамуына жасалған мүмкіндіктердің нақты нәтижесі. Бүгінгі жас өрендердің талпынысы мен ұстаздарының қажырлы еңбегі ертеңгі үлкен жетістіктерге негіз қалайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары