ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 35 ЖЕТІСТІК: АҚЖАЙЫҚ

    Өрт сөндіру және құтқару қызметі
    Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіп төнген сәтте жедел көмек көрсету – жауапкершілігі зор міндет. Әсіресе елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан Ақжайықта өрт сөндіру және құтқару қызметінің қолжетімділігі ерекше маңызды.
    2011 жылы Ақжайық ауданында үш өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істеді. Олар Чапаев, Тайпақ және Қарауылтөбе ауылдарында орналасқан. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аталған бөлімшелер маңызды қызмет атқарды. Кейінгі жылдары төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, құтқару қызметінің мүмкіндіктерін арттыруға көңіл бөлінді.
    Бүгінде ауданда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, үш мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшесі, жедел құтқару жасағының №6 құтқару бекеті және медициналық құтқару пункті қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, аудан орталығы Чапаев ауылында төтенше жағдайлар бөлімі, №10 өрт сөндіру бөлімі мен №6 құтқару бекеті орналасқан. Тайпақ ауылында №20, Қарауылтөбе ауылында №27 өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді. Ал Чапаев–Казталовка автомобиль жолының бойында күре жолдық медициналық құтқару пункті қызмет атқарады. Осы құрылымдар аудан аумағында туындауы мүмкін түрлі төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесін қалыптастырып отыр.
    Қызметтің тиімділігін арттыруда арнайы техниканың орны ерекше. Бүгінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі Toyota Hilux автокөлігімен қамтамасыз етілген. Чапаевтағы №10 өрт сөндіру бөлімінің иелігінде үш өрт сөндіру автоцистернасы, УАЗ автокөлігі және вахталық көлік бар. Тайпақтағы №20 бекетте КамАЗ және Урал маркалы екі өрт сөндіру машинасы, ал Қарауылтөбедегі №27 бекетте Урал маркалы екі автоцистерна қызмет көрсетеді.
    Жедел құтқару жасағының №6 бекеті Toyota Hilux, УАЗ және «Трэкол» арнайы көліктерімен жабдықталған. Күре жолдық медициналық құтқару пунктінің қарамағында Hyundai County автокөлігі бар. Бұл техникалар төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың оқиға орнына жетіп, қажетті жұмыстарды атқаруына мүмкіндік береді.
    Ауданның қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды жаңалықтардың бірі – 2026 жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында екі жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен қолға алынған бағдарлама шеңберінде мамыр айында Қабыршақты ауылында, қыркүйек айында Ж. Молдағалиев ауылында мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеттері іске қосылды.
    Жаңа бекеттердің ерекшелігі – олардың жергілікті тұрғындар арасынан жасақталуы. Әр бекетте тоғыз адамнан қызмет атқарады. Олар арнайы өрт сөндіру автокөліктерімен қамтамасыз етілген.
    Қауіпсіз ауыл – берекелі тіршіліктің кепілі. Бұл бағыттағы әрбір игі іс, жаңадан ашылған әр бекет пен қызметке қосылған әр техника адам өмірін қорғауға, ел тыныштығын сақтауға қызмет етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары