ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 35 ЖЕТІСТІК: АҚЖАЙЫҚ

    Бағбандардың еселі еңбегі

    Ақжайықтың ауыл шаруашылығы десе, алдымен төрт түлік пен кең жайылым көз алдымызға келеді. Алайда ауданның аграрлық әлеуетін танытатын тағы бір кәсіп бар – бақша шаруашылығы. Әсіресе дәмімен көпшілікке танылған Тайпақ қарбызы бүгінде ауданның өзіндік брендіне айналды.

    Тайпақ өңірінде бақша өсірудің өзіндік тарихы қалыптасқан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кеңшарлар таратылып, ауыл тұрғындары дербес шаруашылық жүргізуге көшкен кезеңде қауын-қарбыз өсіру көптеген отбасы үшін табыс көзіне айналды. Кәсіптің қыр-сырын меңгерген шаруалар егістік алқаптарын кеңейтіп, уақыт өте келе өз шаруа қожалықтарын құрды. Бүгінде сол бастамалар бүкіл ауданда жалғасын тауып, бақша шаруашылығы ауданның аграрлық саласындағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.

    Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл 463,5 гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның 358,7 гектары – қарбыз, 104,8 гектары – қауын алқабы. Жалпы 16 917,75 тонна өнім жиналған. Соның 13 092,55 тоннасы қарбыз болса, 3 825,2 тоннасы қауын. Орташа өнімділік гектарына 365 центнерді құрады.

    Бақша шаруашылығының негізгі бөлігі Алмалы ауылдық округінде шоғырланған. Мұнда 401,3 гектар жерге қауын-қарбыз егіліп, 14 647,4 тонна өнім жиналған. Оның 11 763,9 тоннасы – қарбыз, 2 883,5 тоннасы – қауын. Ал Тайпақ ауылдық округінде 22 гектар алқаптан 803 тонна бақша өнімі алынған.

    Осы саланың дамуына жергілікті шаруа қожалықтары елеулі үлес қосып келеді. «Бейбарыс» шаруашылығының 30 гектар, «Жігердің» 28 гектар, «Алдияр-Мараттың» 22 гектар, «Алтынбектің» 20,5 гектар, «Б-Абылай» мен «Луч» шаруашылықтарының әрқайсысы 20 гектар алқапта бақша дақылдарын өсіреді. Сондай-ақ «Ануар», «Балауса», «Ақбұлақ», «Шаңырақ», «Бекет» секілді шаруашылықтар да кәсібін дамытып келеді.

    Тайпақ қарбызының танылуына үлес қосқан шаруагерлердің бірі – Қайырбек Қоспаев. Оның отбасы 1992 жылдан бастап бақша өсірумен айналыса бастаған. Алғашында кеңшардан жалға алынған 15 гектар жерге қауын-қарбыз, пияз, қияр мен қызанақ еккен ағайындар кейін Бағырлай арнасының бойынан 50 гектар жер алып, шаруасын кеңейткен.

    Бақша шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдырғандардың қатарында Жұмашевтер әулеті де бар. Абай Жұмашев бастаған кәсіпті кейін ұлдары жалғастырды. Ал аудан орталығының маңында бақша егіп, қыс бойы жылыжайда көкөніс өсіретін Азамат Мұқашевтің еңбегі де айтулы.

    Бақша шаруашылығындағы маңызды өзгерістердің бірі – танаптарда тамшылатып суару технологиясының енгізілуі. Жергілікті шаруалар жаңа қондырғыларды пайдаланып, дақылдарды күтіп-баптау жұмысын жеңілдетуге және өнімділікті арттыруға ұмтылуда.

    Тәуелсіздік жылдарында Тайпақ өңірінің бақша шаруашылығы жекелеген отбасылардың кәсібінен ауданның танымал аграрлық бағытына дейін дамыды. Қалыптасқан шаруа қожалықтары, кеңейген егістік алқаптары, су үнемдеу технологиялары мен өңіраралық сауда байланыстары – осы өзгерістердің нақты көрінісі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары