ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 35 ЖЕТІСТІК: АҚЖАЙЫҚ

    Кәсіпкерлік саласы

    Тәуелсіздік жылдары елімізде нарықтық экономиканың қалыптасуына жол ашылып, жеке кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер туды. Сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларында өз ісін бастаған тұрғындар көбейді.

    1992 жылы Ақжайық ауданында 15 шағын кәсіпорын жұмыс істеп, онда 192 адам еңбек еткен. Бұл нарықтық қатынастарға көшудің алғашқы кезеңі болатын. Кәсіпкерлікпен айналысу тәжірибесі қалыптасып, тұрғындар өз кәсібін ашуға, тауар өндіруге және халыққа қызмет көрсетуге бет бұрды.

    Одан кейінгі жылдары кәсіпкерлік саласының ауқымы кеңейе түсті. 2010 жылы ауданда 761 жеке кәсіпкерлік тіркеліп, бұл салада 1464 адам жұмыспен қамтылған. Сауда орындары, тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, шағын өндірістер мен ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіптер дамыды.

    Бүгінде бұл үрдіс жаңа деңгейге көтерілді. 2026 жылғы мәлімет бойынша ауданда 2068 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның 173-і – заңды тұлға, 823-і – жеке кәсіпкер, 1072-сі – шаруа қожалығы. Аталған құрылымдарда 2625 адам еңбек етеді.

    Кәсіпкерліктің дамуын өндірілген өнім көлемінен де байқауға болады. 2023 жылы ауданның шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 13 млрд 333 млн теңгенің өнімін өндірсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 25 млрд 616 млн теңгеге жетті. Ал 2025 жылы 39 млрд 289 млн теңгені құрады. Үш жыл ішінде өндірілген өнім көлемі шамамен үш есеге ұлғайды. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 4 млрд 712 млн теңгенің өнімі өндірілді. Осы кезеңдердегі жиынтық көрсеткіш 82 млрд 950 млн теңгені құрайды.

    Кәсіпкерліктің дамуына инвестиция тарту жұмыстары да ықпал етуде. Кейінгі жылдары аудан экономикасына бағытталған қаржы көлемі айтарлықтай өсті. 2023 жылы негізгі капиталға 10,1 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 15,3 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылы 47,8 млрд теңгені құрады. Осылайша үш жыл ішінде аудан экономикасына барлығы 73,2 млрд теңге инвестиция бағытталды. Оның 48,2 млрд теңгесі – жеке инвестиция.

    2026 жылы да инвестициялық белсенділік жоғары. Жылдың алғашқы сегіз айында негізгі капиталға 35 млрд 286 млн теңге инвестиция тартылды. Оның 32 млрд 181 млн теңгесі жеке инвестиция болса, 3 млрд 105 млн теңгесі бюджеттік қаражат есебінен қамтамасыз етілген. Аудан экономикасына инвестиция тарту жұмыстары аясында жыл соңына дейін 78 млрд теңгеге қол жеткізу жоспарланған.

    Қаржы көлемінің өсуі нақты кәсіпкерлік жобалардың жүзеге асырылуымен жалғасуда. 2026 жылдың сегіз айында жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 11 ірі жоба іске қосылып, 52 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобалар ауданның бірнеше ауылдық округін қамтып, ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда және қызмет көрсету бағыттарын дамытуға мүмкіндік берді.

    Өндіріс саласында да жаңа бастамалар бар. Чапаев ауылында «ОралТранс» ЖШС 500 млн теңгеге асфальт-бетон зауытын салды. Сонымен қатар «Төрехан» тойханасына күрделі жөндеу жүргізіліп, «Бахус» банкет залы мен нан өнімдерін дайындау цехы ашылды. Балабақша құрылысы сынды жобалар да іске асырылды. Жаңабұлақ ауылында жаңа сауда орны ашылып, Қабыршақты мен Алғабас ауылдарында ветеринариялық қызмет көрсету нысандарын дамытуға қаржы салынды.

    Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру алдағы уақытта да жалғасады. 2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын тағы 9 жобаны іске қосу және 51 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Олардың қатарында Алғабас ауылдық округіндегі «Рахат», Ақжол ауылдық округіндегі «Аймақ», Базартөбе ауылдық округіндегі «Айка» шаруа қожалықтарының мал бордақылау алаңдарын құру жобалары бар. Ақсуат ауылдық округінде «Мұқадес» шаруа қожалығы 851 млн теңгеге мал бордақылау алаңын кеңейтуді жоспарлап отыр.

    Сонымен қатар Чапаев ауылында жанар-жағармай құю бекеті мен жиһаз цехын ашу, Қабыршақты ауылында жол бойындағы асхана құрылысын жүргізу көзделген.

    Кәсіпкерлік саласының дамуы жергілікті тұрғындардың іскерлігімен, еңбекқорлығымен және жаңа мүмкіндіктерді игеруге деген ұмтылысымен тығыз байланысты. Өз ісін бастаған әрбір кәсіпкер, ашылған әрбір өндіріс орны мен жүзеге асырылған инвестициялық жоба аудан экономикасын нығайтуға және ауылдардың дамуына үлес қосып келеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары