Тәуелсіздіктің 35 жылында Ақжайық ауданында спортпен шұғылдануға мүмкіндік кеңейіп, жаңа нысандар бой көтерді. Ауылдарда спорт алаңдары ашылып, жасөспірімдердің тұрақты жаттығуына жағдай жасалды. 1991 жылы бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 19,9 пайыз болса, 35 жылда олардың үлесі 44,7 пайызға жетті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы аудан дамуының нақты көрсеткіштерінің бірі.
Есенсай, Базаршолан, Тайпақ және Чапаев ауылдарында әр жылдарда салынған төрт спорт кешені ауданның спорттық инфрақұрылымын толықтырды. Ауылдық округ орталықтарының барлығында, ірі елді мекендерде шағын спорт алаңдары пайдалануға берілді. Чапаев пен Тайпақтағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері 2023 жылы ашылды. Оларда волейбол, баскетбол, футзал, күрес түрлері мен қол күресіне арналған жағдай жасалды. Ал Есенсайда пайдалануға берілген спорт кешені Жайықтың Бұқар бетіндегі тұрғындар үшін қолжетімді спорт орталығына айналды. Құны 273 миллион теңгелік ғимаратта әмбебап спорт залы, күрес залы және шахмат бөлмесі қарастырылған.
Базаршоландағы «Асар» спорт клубы ауыл азаматтары мен демеушілердің қолдауымен биыл ашылды. Клубтың ашылуында жасөспірімдер арасында аудандық турнир өтіп, жас балуандар белгілі спортшылармен кездесті.
Атап кеткеніміздей, 1 991 жылы аудан тұрғындарының 19,9 пайызы бұқаралық спортпен айналысса, қазір бұл үлес 44,7 пайызды құрайды. Яғни 35 жылда көрсеткіш 24,8 пайыздық тармаққа өсіп, 2,2 еседен астам артты. Бұл салыстырмалы дерек – Тәуелсіздік жылдарында аудан спортын дамытуға арналған игіліктердің нақты жемісі.
Тәуелсіздік кезеңінде Ақжайықтан шыққан спортшылар ел намысын халықаралық деңгейде қорғады. Соңғы жылдарды мысалға келтірсек, Ерболат Байбатыров, Жомарт Тілеуішев, Мақсұт Жұмаев, Зейнеп Баянова және өзге де спорт тарландары аудан атын асқақтатты. Олардың жетістіктері өңірдегі сабақтастықты нығайтып, кейінгі буынның үлкен спортқа ұмтылысына сеп болды.
Жерлес спортшылардың табысын аудан командаларының нәтижелері де толықтырды. 2025 жылы ақжайықтықтар «Ақ бидай» халықтық спорт ойындарының облыстық кезеңінде чемпион атанды. Мемлекеттік қызметшілерден құралған волейбол командасы облыс әкімінің кубогын жеңіп алды. Спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты қолдау және жарыстардағы нәтижелер ауданның жалпы жетістігіне ұласып, Ақжайық облыста «Үздік спорттық аудан» атанды.
Ауылдардағы жаңа спорт кешендері, тұрғындардың спортқа қатысу үлесінің артуы, елге танылған спортшылар мен аудан командаларының жетістіктері – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан нәтижелер. Алға. Ақжайық!!!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









