«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері№4 орта мектептің 6-сынып оқушыларының қатысуымен «Жасыл аймақ» жобасы аясында «Қоқыстан жасалған қолөнер» атты байқау өткізді.
Іс-шараға №31 жалпы орта білім беретін мектептің оқытушысы, «Таза» экоклубының жетекшісі Шынар Муратовна Каирбаева мен экоклубтың белсенді мүшелері және «Шәкәрім университетінің» КеАҚ-ның Тарих және өнер кафедрасының студенттері қатысты.
Кітапхана қызметкері табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрмыстық қалдықтар көлемін азайту мәселесінің өзектілігіне тоқталып, өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Әрі қарай шара қонағы Ш.М. Қайырбаева экоклуб мүшелері тұрмыстық қалдықтардан қолөнер бұйымдарын жасаудың негізгі бағыттары мен бұл істің әрқайсысының маңызды экологиялық және тәрбиелік мәні бар екенін айтты.
Сонымен қатар қоқыстан қолөнер бұйымдарын жасаудың мақсатын бірнеше негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болатыны айтылды. Атап айтқанда, пластик бөтелкелер, қағаздар, картон қораптар мен тоқыма қалдықтарының шіріп, жойылуына жүздеген жылдар қажет. Оларды қайта өңдеп, пайдалы бұйымдар (ойыншықтар, үй декорлары, реттегіштер) жасау – полигондардағы қалдық көлемін азайтуға тікелей септігін тигізеді.
Сондай-ақ балалар мен жастарды қайта өңделген шикізаттан қолөнер жасауға ынталандыру арқылы оларда экологиялық жауапкершілік пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау сезімін дамытуға болатыны баса айтылды. Мұндай тәжірибелік қызмет өскелең ұрпақтың бойына саналы тұтыну, ысырапшылыққа жол бермеу, ресурстарды саналы түрде пайдалану және табиғатқа қамқорлық жасау сияқты құндылықтарды сіңіруге көмектеседі.
Іс-шара жалғасында студенттер Алуа Жұмағалиева, Еркежан Бекова және Арай Тұрғалиева ұсынған «Шебер қолдар» шығармашылық тапсырмасы өткізілді. Оны орындау барысында балалар ұсынылған материалдарды пайдаланып, қажетсіз заттарды ерекше әрі пайдалы бұйымдарға айналдырды.
Қалалық орталық кітапхана
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








