20 шілде күні кешкі уақытта Мақаншы ауданындағы ауылдарының бірінде жайылымнан шароле тұқымды ақбас сиыр жоғалған. Иесі алдымен оны өзі табуға тырысқан, кейін учаскелік полиция инспекторына жүгінді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жануардың кімнің ауласына айдап әкетілгенін анықтады.
Іс Мақаншы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі полиция майоры Гүлмира Сәрсембаеваға түскен кезде еттің бір бөлігі сатылып үлгерген болатын. Тергеуші оқиғаның барысын қалпына келтіріп, ана мен ұлының рөлін анықтады және ет сатып алушыларға кім арқылы жеткенін белгіледі.
Тергеу барысында Сәрсембаева 61 жастағы ауыл тұрғыны өзінің малын күтіп алуға шығып, ауылдан шамамен жарты шақырым жерде бөтен сиырды байқағанын анықтады. Ол сиырды үйіне айдап әкеліп, өз малымен бірге қораға қамап, 40 жастағы ұлына жануарды сойып, етін сатуды ұсынған.
Сол күні кешке ұлы туысынан союға көмектесуін сұрап, сиырдың отбасына тиесілі екенін айтқан. Ертеңіне анасы мен баласы еттің бір бөлігін оны сатумен айналысқан туысына берген. Оған да өз малының еті екенін айтқан. Тергеуші ол арқылы етті төрт ауылдастың сатып алғанын анықтады.
Гүлмира Сәрсембаева жинаған дәлелдемелер айыптаудың негізіне алынды. Тергеу қорытындысы бойынша іс сотқа жолданды. Сот әйелді мал ұрлығы үшін, ал оның ұлын — көмектескені үшін кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеусіз үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, дәл сол мерзімге пробациялық бақылау белгіледі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








