17 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуге спорт, мәдениет, білім, медицина, ақпараттық технологиялар және өзге де салаларда жетістікке жетіп, Маңғыстаудың атын республикалық және халықаралық деңгейде танытып жүрген азаматтар, сондай-ақ облыстық жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты.
Жиында облыс әкімі жастардың ел дамуы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіндегі рөліне тоқталып, олардың сапалы білім алуына, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне, еңбек нарығында өз орнын табуына және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап берді. Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда жастардың орны ерекше. Өйткені жастар - бүгінгі қоғамның белсенді мүшесі, ел дамуына үлес қосатын негізгі қозғаушы күш. Өңірімізде жастарды сапалы біліммен қамту, еңбек нарығына қажетті мамандықтарға бағыттау, тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жұмыстарын одан әрі күшейтуіміз қажет. Маңғыстаудың болашағы - білімді, бәсекеге қабілетті, еңбекқор әрі туған жеріне жанашыр жастардың қолында. Сондықтан жастармен жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, олардың әрбір орынды бастамасына нақты қолдау көрсетуіміз қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу барысында Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде іске асыру мәселелері де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жаңа экономика жағдайында қалыптасып жатқан мамандықтар мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, цифрлық дәуірде жастарға қажетті құзыреттер, заманауи технологияларды меңгеру және кәсіби бәсекеге қабілеттілікті арттыру тақырыптары қозғалды. Сонымен қатар жастардың осы бағыттардағы ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өңірлік деңгейде жүзеге асыруға болатын бастамалар талқыланды.
Жиынға өз саласында табысқа жетіп, еңбегімен өңір абыройын асқақтатып жүрген азаматтар қатысты. Олардың қатарында қазақ күресінен «Қазақстан Барысы - 2026» атағын иеленген Жантілек Нұртілепұлы, бокстан Азия ойындарының чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, дарынды ұстаз, математика пәнінің маманы Талғат Көптілиев, сондай-ақ күрделі оталар жасап, адам өмірін сақтауға үлес қосып жүрген жас травматолог Нұрсұлтан Асқаров пен Нұркен Каибов бар.
Кездесу аясында облыс әкімінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің жаңа құрамы таныстырылды. Кеңес - өңір жастарының өзекті мәселелерін талқылауға, олардың ұсыныстары мен бастамаларын тиісті деңгейде көтеруге және жастар саясатын жетілдіруге бағытталған.
Ашық форматта өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі олардың сауалдарына жауап беріп, айтылған бастамаларға қатысты пікір алмасты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








