Абай облысында дәмханаға ұрлыққа түскен ер адам 3,5 жылға сотталды

    Курчатов қаласында түнгі уақытта дәмханаға заңсыз кіріп, азық-түлік пен алкогольдік ішімдіктерді ұрлаған 61 жастағы ер адам бас бостандығынан айырылды.

    Анықталғандай, оқиға 2026 жылғы 27 тамызда түнгі сағат 03:00 шамасында болған. Мас күйде жүрген ер адам Курчатов қаласындағы дәмханалардың біріне заңсыз кірген. Алдымен қоршауды бүлдіріп, жазғы террасаның терезесін сындырған. Кейін ғимараттың ішіне өтіп, азық-түлік пен алкогольдік ішімдіктерді жасырын түрде қолды еткен.

    Ұрлық салдарынан кәсіпкерге келтірілген материалдық шығын көлемі 78 370 теңгені құрады.

    Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, күдіктінің қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін қажетті айғақтарды жинақтады.

    Сот үкімімен ер адам заңсыз кіру арқылы ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
    Сонымен қатар сот сотталушыға алкогольден мәжбүрлі емдеу шарасын тағайындап, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 86 500 теңге өндіру туралы шешім қабылдады.

    Абай облысы Полиция департаменті ескертеді:

    Бөтеннің мүлкіне қол сұғу, ғимаратқа заңсыз кіру, мүлікті бүлдіру және ұрлық жасау – заңмен қатаң жазаланатын әрекеттер. Мас күйде болу жауапкершіліктен босатпайды және қылмысты ақтауға негіз бола алмайды.

    Азаматтарды заң талаптарын сақтауға, өзгенің мүлкіне құрметпен қарауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамыз. Қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары