Бір әдет – жүздеген құқық бұзушылық: бір аптада ШҚО-да 829 деректің жолы кесілді

    1 / 4

    Бір әдет – жүздеген құқық бұзушылық: бір аптада ШҚО-да 829 деректің жолы кесілді

    Жолдағы қауіпсіздік жүргізушінің әрбір сәтте қабылдайтын шешімдеріне байланысты. Алайда кейбір жол қозғалысына қатысушылар әлі де қарапайым ережелерді елемей, өздерінің ғана емес, айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді.

    Осы аптадағы көрсеткіштердің ішінде ерекше назар аудартатын сан – 409. Дәл осынша жүргізуші қауіпсіздік белдігін тағу талабын орындамаған.

    Жолдағы маневр жасау кезінде де заңбұзушылықтар аз емес. 269 жүргізуші жолақты ауыстыру және өзге де маневр жасау қағидаларын бұзған. Ал 59 дерек бойынша жол қозғалысына қатысушылардың әрекеті апаттық жағдай туғызған. Бұл сандардың артында жол-көлік оқиғасына ұласуы бір сәтке ғана байланысты болған қауіпті жағдайлар тұр.

    Сондай-ақ 16 жүргізушінің көлікті масаң күйде басқарғаны, тағы 26 адамның жүргізуші куәлігі болмай немесе көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырғаны анықталды. Бұдан бөлек, 12 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан.

    Есепті кезеңде полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзудың жалпы 829 дерегінің жолын кесті. Келтірілген деректер жолдағы қауіпсіздікке ең алдымен әр жүргізушінің өз әрекеті әсер ететінін көрсетеді. Кейде бір ғана ережені елемеу жолда үлкен қауіптің туындауына себеп болуы мүмкін.

    Полиция жолдағы жағдайды бақылауды жалғастыруда. Дегенмен ешбір патрульдік экипаж жүргізушінің жеке жауапкершілігін алмастыра алмайды. Жол ережелерін сақтау – жай ғана талап емес, айналадағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне деген құрмет.

    «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары