ШҚО-да полицейлердің жедел әрекеті мен дронның көмегі арқылы 30 бас жылқы табылды
Үш аптадан астам уақыт бойы 30 бас жылқы иесінің қарауынан тыс қалған. Өз бетінше іздеп таба алмаған соң, малды іздеуге Марқакөл ауданының полицейлері кіріскен. Оларға жоғалған үйірдің орналасқан жерін анықтауға бірнеше сағат қана қажет болды.
Таңертең Ақбұлақ ауылының тұрғыны жылқыларын іздеуге көмек сұрап, полицияға жүгінген. Қызметкерлер бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Аумақтың кеңдігі мен жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды.
Дронның көмегімен ауқымды аумақты, соның ішінде жаяу немесе көлікпен жету қиын учаскелерді шолуға мүмкіндік туды. Заманауи техниканы қолдану өз нәтижесін берді: сол күні түсте полицейлер жоғалған 30 бас жылқыны тауып, иесіне қайтарды.
Үйір иесі полиция қызметкерлеріне жедел әрекет етіп, кәсіби шеберлік танытқаны және көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.
ШҚО Полиция департаментінде заманауи техникалық құралдар қызмет барысында маңызды көмекшіге айналып келе жатқанын атап өтті. Ұшқышсыз аппараттар ауқымды аумақтарды шолуға, жоғалған малды іздеуге және қызметтік міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Полиция мал иелерін төрт түлікке тиісті күтім жасап, қараусыз қалдырмауға шақырады. Мал жоғалған жағдайда уақыт оздырмай, 102 нөміріне хабарлау қажет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









