Есірткісіз болашақ: ШҚО-дағы 150-ге жуық студент бір алаңда бас қосты
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 150-ге тарта студенттің басын біріктірген «Есірткісіз болашақ» диалог алаңы өтті. Басқосу барысында жастардың есірткі бизнесіне қалай тартылатыны, арбаушылардың айла-тәсілдері және оңай олжаға құнығудың қандай ауыр салдарға әкелетіні жан-жақты талқыланды.
Бұл бастаманы ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Esbol qory» қорымен және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесуде полиция майоры Сағатбек Малтүгелов заманауи арбау тәсілдері, есірткі қылмысы үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік және жастар алдындағы қауіп-қатерлер туралы баяндады. Кәмелетке толмағандар мәселесіне ерекше назар аударылды: жыл басынан бері полицейлер есірткі қылмысына қатысты 6 жасөспірімді, оның ішінде студенттерді де ұстаған.
Сонымен қатар қатысушыларға есірткінің заңсыз айналымына араласудың салдарын көрсететін «Не книжная закладка» қысқаметражды фильмі ұсынылды. Туынды есірткіге тартылған жандардың тағдыры мен ащы шындығын ашып көрсетіп, көрерменге ой салды.
Кейде оңай табыс туралы бір ғана уәде адамның өмірін асты-үстіне шығарып, болашағына балта шабуы мүмкін. Сондықтан алдамшы ұсыныстың астарын дер кезінде танып, саналы таңдау жасай білу аса маңызды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









