Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ұзақ жылдар бойы білім беру саласында абыройлы еңбек еткен ардагер ұстаз Мамашева Оксана Васильевнаны Мемлекет басшысының арнайы Алғыс хатымен құттықтап, «Алтын барыс» наградасын табыстады.
1935 жылғы 26 наурызда Красноярск қаласында дүниеге келген Оксана Васильевна саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған жан.
1955 жылы Фрунзе қаласындағы Қырғыз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Қордай ауданының Георгиевка ауылындағы №1 орта мектепте бастаған.
Кейін Жамбыл қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №8 орта мектепте ұстаздық етіп, 1964 жылдан бастап Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аудармашы қызметін атқарды. Ал 1967 жылы жаңадан ашылған Жамбыл педагогикалық институтының шетел тілдері кафедрасына оқытушы болып шақырылды.
Жоғары оқу орнында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп, талай шәкірттің білім нәрімен сусындауына, білікті мамандар мен ұстаздардың қалыптасуына зор үлес қосты. Кейін Қазақ-түрік лицейінде де жас ұрпаққа ағылшын тілінен дәріс беріп, ұстаздық жолын жалғастырды.
Оксана Васильевнаның өмір жолы – мамандыққа адалдықтың, табандылықтың және ағартушылық қызметке деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Сонымен қатар төрт бала тәрбиелеп өсірген аяулы ана, ардақты әже ретінде де үлкен құрметке ие.
Ардагер ұстазға көрсетілген бұл құрмет – оның көп жылғы адал еңбегіне, білім саласына қосқан өлшеусіз үлесіне берілген лайықты баға.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









