Қала әкімі мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық бойынша штаб отырысын өткізді

    1 / 5

    Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық бойынша жедел штабтың отырысы өтті.

    Жиын барысында 2026 жылдың 29 қарашасына белгіленген саяси науқанға әзірлік жұмыстары қаралды.
    Бүгінде қала бойынша Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі – 7, Тараз қалалық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі – 28 комиссия жұмыс істеуде. Жалпы, 35 округтік сайлау комиссиясының құрамында 175 мүше бар. Олардың барлығы арнайы бөлмелермен және қажетті жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.

    Кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінің қорытындысына сәйкес Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына 100 үміткер ұсынылып, оның 87-сі кандидат ретінде тіркелген. Қалған 13 үміткер өз өтініштері бойынша құжаттарын кері қайтарып алған. Кейін тіркелген 3 кандидаттың тіркеу туралы хаттамасының күшін жою жөнінде шешім қабылданған. Осылайша, қазіргі таңда қалалық мәслихаттың 28 сайлау округі бойынша 84 кандидат сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуде.

    Ал Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша Тараз қаласында орналасқан 7 округке 34 үміткер ұсынылып, оның 28-і кандидат ретінде тіркелді. 6 үміткер өз өтініштері бойынша құжаттарын кері қайтарып алған. Сонымен қатар 7 кандидаттың өтініш беруіне байланысты оларды тіркеу туралы хаттамалардың күшін жою жөнінде шешім қабылданды Бүгінде облыстық мәслихат депутаттығына тіркелген 21 кандидат сайлауалды үгіт жұмыстарымен айналысуда.

    Қазіргі уақытта Тараз қаласында 155 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 62-сі Жібек жолы ауданында, 93-і Әулиеата ауданында орналасқан.

    2026 жылғы 8 қарашадағы мәлімет бойынша, қаладағы сайлаушылар саны 297 604 адамды құрайды. Олардың ішінде 1 962 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысады. Сондай-ақ шаһар бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар мен қолдауды қажет ететін 863 азамат тіркелген.

    Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен заң талаптарына сәйкес өтуі маңызды екенін атап өтті. Осыған орай жауапты бөлімдер мен тиісті мекемелерге саяси науқанды өткізуге дайындық жұмыстарын күшейтіп, әрбір сайлау учаскесінің толық әзірлігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Тараз қаласының әкімдігі" жаңалықтары