АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУЛЕРІ ШҰБАР АУЫЛЫНАН БАСТАЛДЫ

    1 / 6
    Мемлекет басшысының «Атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Азат Оралбаевтың тұрғындармен есептік кездесулері басталды. Алғашқы кездесу Шұбар ауыл округінде өтті.
    Кездесуде аудан әкімі жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі салалардағы нәтижелерді баяндады. Сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерге тоқталып, бірқатар басым бағытты атап өтті.
    Аудан басшысы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселелеріне де ерекше назар аударды. Күзгі ағаш отырғызу науқанына белсенді қатысып, ауылдың көркеюіне әр тұрғын өз үлесін қосуы қажеттігін айтты. Аула мен көше тазалығын сақтау бір реттік науқанмен шектелмеуі тиіс екенін ескертіп, бұл бағыттағы жұмысты күнделікті дағдыға айналдыруға шақырды.
    Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар қоғамдық көлік қатынасын жақсарту, Шұбар, Тоқсансай және Шымкент бағытындағы маршруттар, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын салу, медициналық пункттерді газдандыру, мектеп жанынан асхана мен балалар алаңын ашу, электр энергиясының жиі үзілуі, омарта шаруашылығына жеңілдетілген несие қарастыру және Жусансай мектебін газға қосу мәселелерін көтерді.
    Тұрғындардың сауалдарына жауап берген аудан әкімі қоғамдық көлік мәселесі бойынша аудандағы көліктер толық жаңартылғанын, бұл мақсатқа 115 млн теңге қарастырылғанын жеткізді. Ал Жусансай мектебін газдандыру жұмыстары алдағы жылға жоспарланғанын мәлімдеді. Қалған мәселелер бойынша тиісті сала басшылары түсініктеме берді.
    Аудан әкімі көтерілген мәселелердің шешілуі жауапты мекемелердің тұрақты бақылауында болатынын атап өтіп, жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын тапсырды.
    Кездесуден кейін аудан басшысы ауыл округіндегі бірқатар нысанды аралады. Газдандыру жұмыстарының барысымен танысып, ауылдық мәдениет үйінің жай-күйін көрді. Сонымен қатар асфальт төсеу және спорт кешені құрылысының орындалу барысын зерделеді. Нысандардағы жұмыс сапасы мен құрылыс қарқынына назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
    Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ордабасы ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары